Индер ауданы Есбол ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Медициналық нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынды . Тапсырыс беруші - облыстық, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Ашылу салтанатына ҚР Денсаулық сақтау Министрлігінің «Балаларды оңалту ұлттық орталығының» басшысы Ажар Ғиниятқызы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев қатысты.
Бір қабатты жаңа ғимараттың жалпы ауданы – 399,72 шаршы метр. Бір ауысымда 45 адамға медициналық қызмет көрсетеді. Мұнда дәрігерге дейінгі қабылдау, оңалту, емдеу, екпе, физиокабинет, акушер мен дезинфекциялық заттарды дайындауға және сақтауға арналған бірнеше бөлме бар. Сонымен қатар дәріхана мен күндізгі стационар жасақталған. Техникалық қызметкерлер мен медбикелерге арналған кабинеттер де бар. Ғимарат іші стандартқа сай материалдық жабдықтармен толық қамтылған.
Айта кетейік, жыл соңына дейін облыс аумағында 3 медициналық нысан пайдалануға беріледі.
Сәуле МАҒАУ