Гомеопатия емдейді және адамдардың денсаулығына көмектеседі деген рас па?

Желіде гомеопатиялық дәрі-дәрмектің пайдасы мен дәлелді медицинаның зияны туралы ақпарат көп.

Мұндай мәлімдемелерге негіз бар ма? Анықтайық.

Гомеопатия – бұл затты көп мәрте сұйылтқан сайын оның әсері арта түседі деген сенімге негізделген жалған ғылым.  Қазіргі заманғы ғылым гомеопатияның негізгі принциптерін жоққа шығарады, оның пайдасыз және қауіпті екенін дәлелдейді. 

Гомеопатияны алғашқы ауқымды зерттеу 1835 жылы жүргізілді. Нюрнбергтің бас дәрігері Фридрих Вильгельм фон Хоффен гомеопаттардың тұз ерітіндісі сау адамдарда да ерекше сезім тудырады деген пікірлерін тексермек болады. Ол қоғамдық тәжірибе жүргізген. Ол үшін 50 ампуланы тазартылған сумен және тағы 50 ампуланы гомеопатиялық тұз ерітіндісімен толтырған. Ампулаға нөмірлер жазылып, кездейсоқ түрде еріктілерге таратылып берілді. Содан кейін олар әл-ауқатындағы өзгерістер туралы хабарлауға тиіс болды. Ерекше өзгерістер жайлы айтқандардың жартысына жуығы тазартылған су ішкен. Бұл тұздың гомеопатиялық ерітіндісі ағзаға жай су сияқты әсер ететіндігін дәлелдеді.

2005 жылы The Lancet журналында жарияланған зерттеу авторлары плацебо мен гомеопатиялық дәрі-дәрмек әсерін салыстырған. Ғалымдар гомеопатияның тиімділігі плацебодан артық емес деген қорытындыға келді.
2015 жылы Германия ғалымдары медициналық сақтандыруы бар 45000-нан астам адамның ауру тарихын талдады. Гомеопаттардың клиенттері жай дәрігерлердің пациенттеріне қарағанда, жұмыс күнін ауыруға байланысты орта есеппен 15%-ға артық өткізіп алатыны белгілі болды. Бұл ретте басқа мамандарға қарағанда, гомеопаттарда емделуге көп ақша жұмсалған.

Бір жылдан кейін норвегиялық ғалымдар тобы гомеопатия адамдарға көмектеспесе, зиян тигізбейді деген гипотезаны тексерумек болды. Олар дәрі-дәрмекке, соның ішінде гомеопатиялық препараттарға жағымсыз реакциялар туралы деректерді қамтитын 16 электрондық дерекқорға мета-талдау жүргізді. Олардың жұмысының нәтижелері жанама әсерлердің саны әдеттегі дәрі-дәрмекті қабылдағандар мен гомеопатиямен емделгендер үшін шамамен бірдей екенін дәлелдеді. 

Айта кетерлік жайт, гомеопатиялық препараттарды өндірушілер әрқашан өз клиенттеріне адал бола бермейді. Мәселен, 2014 жылы Terra-Medica гомеопатиялық препараттарында гомеопатиялық емес антибиотик табылған. Ал 2016 жылы АҚШ-та кем дегенде 10 нәрестенің өлімі тіс шығару процесін жеңілдетуге арналған гомеопатиялық затпен байланысты болған. Препаратта белладонна сығындысы тым көп болған, мұның салдары балалардың улануына және өліміне әкелуі ықтимал. 

Дегенмен, гомеопатиялық препаратта антибиотиктер немесе қауіпті сығындылар болмаса да, оны қолдану қауіпті болуы мүмкін. Гомеопатиямен емделуге уақыт жұмсап, адамдар ауруды дәлелді медицина әдістерімен оңай емдеуге болатын сәтті жіберіп алуы мүмкін. Мысалы, 2009 жылы австралиялық ерлі-зайыптылар қызын білікті дәрігерге көрсетудің орнына, оның экземасын гомеопатиямен емдегені үшін түрмеге қамалды. Нәтижесінде қыз сепсистен қайтыс болды. 

Гомеопатиямен емделудің басқа да қайғылы оқиғалар 2012 жылы жарияланған британдық ғалымдар шығарға жүйелі шолуда сипатталған.

Мұның бәрі гомеопатияның адамдарды емдемейтінін және денсаулығына көмектеспейтінін дәлелдейді. Гомеопатия – бұл теріске шығарылған теорияларға негізделген жалған ғылым. Клиникалық зерттеулер гомеопатиялық препараттардың тиімсіз екенін және әдеттегі, тиімді дәрі-дәрмектермен бірдей жанама әсерлер тудыратынын дәлелдейді.