Қазақстанда медицина қызметкерлеріне қойылатын кәсіби талаптар жаңартылуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі осыған байланысты бұйрық жобасын ұсынды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Құжат қабылданса, денсаулық сақтау саласындағы кәсіби стандарттар қайта қаралып, кеңейтіледі. Жаңа нұсқада медицина және оған қатысты қызметтің 62 бағытын қамтитын жаңартылған тізім бекітілмек. Оның ішінде терапия, хирургия, педиатрия, акушерия және гинекология, кардиология, онкология сияқты негізгі мамандықтармен қатар зертханалық қызмет, оңалту, мейіргер ісі және қоғамдық денсаулық сақтау салалары бар.
Сонымен қатар алты жаңа кәсіби стандарт енгізіледі. Олар: денсаулық сақтаудағы менеджмент, фармацевтикалық өндіріс технологиясы, қоғамдық денсаулық сақтау, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, стоматологиялық қызмет және денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік қызметкер бағыттары.
Ал «Радиациялық онкология» кәсіби стандарты жаңартылған нұсқада қайта бекітіледі.
Министрліктің мәліметінше, бұл өзгерістер медицина қызметінің сапасын арттыруға және мамандарға қойылатын талаптарды біріздендіруге бағытталған.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ