Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының өкілдері – Атырауда

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы өкілдері және облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиевтің қатысуымен Атырау облысында діни себептерге байланысты вакцинациядан бас тартуды талдау жөніндегі миссияның жұмысы және дін мен денсаулық сақтау салалары арасындағы ынтымақтастық кеңесінің отырысы өтті,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Іс-шараның мақсаты – халық арасында вакцинацияға қарсы көзқарастардың себептерін зерделеп, денсаулық сақтау және дін саласы өкілдерімен бірлесіп оны шешу жолдарын қарастыру.

- Қазір вакцинамен басқарылатын инфекциялардың алдын алудың негізгі жолы — екпе қабылдау. Сол мақсатта бүгін облысымызға Денсаулық сақтау министрлігінің ұйымдастыруымен дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының өкілдері келіп отыр. Екі күнге ұласқан бұл іс-шарада аудан және қалалық медициналық ұйымдары және дін өкілдерімен кездесу өткізіледі. Кездесу қорытындысы бойынша осы мәселелерді шешу жөнінде ұсыныстар беріледі,- деді Қ.Абдалиев.

Жиын барысында ДДҰ сарапшылары өңірдегі иммундау деңгейін арттыру жолдарын ұсынып, мамандар діни себептермен вакцинадан бас тарту мәселесінің қоғам денсаулығына әсері жайында баяндама жасады. Кеңес мүшелері ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, діни бірлестіктермен бірлесе әрекет ету қажеттігін атап өтті.