Биыл Атырауда 19 медициналық нысан пайдалануға берілмек

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің төрағалығымен Денсаулық сақтау басқармасының 2023 жылдың қорытындысы бойынша алқа отырысы өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, алқа отырысында Жасұлан Бисембиев жиынның маңызына тоқталды.

- Бүгінгі жиында облыстағы ең басты мәселе – ана мен бала денсаулығын қорғау, олардың арасындағы өлім көрсеткіштері және алдын-алу жолдары, жалпы денсаулық сақтау саласындағы негізгі көрсеткіштерін талқылайтын боламыз. Сонымен қатар, денсаулық сақтау қызметтерінің барлық бағыттары, өңіріміздің әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері және санитариялық-эпидемиологиялық жағдайы бойынша пікір алмасып, жолдарын қарастырамыз. Мұндағы негізгі мақсатымыз - өңірдегі халықтың денсаулық жағдайын көтеру, медициналық көмектің сапасын арттыру, - деді Ж.Бисембиев.

Жиын барысында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндап өтті.

- Былтыр медициналық саниатриялық алғашқы көмек ұйымдарында халық арасында профилактикалық қарап-тексеру және скринингпен қамтылу деңгейінің өсуі байқалады. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өткен жылы шалғай ауылдарға барып, 500-ге жуық ауыл тұрғынына медициналық көмек көрсетілген болатын. Жоғарыда айтылған жұмыстар аурулардың ерте кезеңінде анықтауға мүмкіншілік беріп, науқастарды уақтылы диспансерлік есепке алуға, тиімді емдеуге, асқынған жағдайлармен өлім-жітімді азайтуға және халықтың жалпы денсаулық жағдайын жақсартуға ықпал етуде. Атап айтқанда, қан айналым жүйесінен болатын өлім 8%, туберкулезден болатын өлім 7,1% және ана өлімі 2023 жылы 2022 жылмен салыстырғанда 41,5%-ға төмендеді, - деді Қ.Абдалиев.

Сондай-ақ басқарма басшысының айтуынша, осы жылы жоспарланған 19 нысанның құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Оның ішінде тоғыз медициналық пункт Құрманғазы ауданының Жасталап, Батырбек, Афанасьев, Азғыр, Қоңыр терек, Жалғыз апан, Исатай ауданының Жасқайрат, Қызылқоға ауданының Жамансор, Жантерек ауылдарында салынбақ. Ал үш дәрігерлік амбулатория Индер ауданының Есбол ауылы, Атырау қаласы Алмалы ауылдық округінің Алмалы және Береке ауылдарында салынса, бес фелдшерлік-акушерлік пункт Құрманғазы ауданының Кудряшов, Арна, Көптоғай, Жамбыл, Қызыл оба ауылдарында бой көтермек. Сондай-ақ, Атырау қаласынан психикалық денсаулық орталығы мен радиологиялық орталық корпустың құрылысы бар.

Сонымен қатар 2023 жылы 9 нысан аяқталып, пайдалануға берілген. Олар Атырау қаласының Береке ықшам ауданындағы дәрігерлік амбулатория, Құлсары қаласындағы аудандық орталық аурухана, Махамбет ауданы Талдыкөл ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт, Махамбет ауданының Еңбекшіл ауылындағы және Құрманғазы ауданының Кадырка, Шағырлы, Алтыншы ауылдарындағы, Қызылқоға ауданының Айдын, Көздіқара ауылдарындағы медициналық пункттер.

- Құлсары қаласындағы заманауи үлгіде салынған аудандық орталық ауруханада магнитті-резонансты томограф, видеоэндоскоп, видеобронхоскоп, видеогастроскоп, видеоколоноскоп және хирургияға арналған урологиялық кешен, рентген аппараты және т.б. медициналық жабдықтар толықтай қарастырылған. Бұл өз кезегінде тұрғындардың Құлсары қаласынан шықпай медициналық көмекті алуға зор мүмкіндік болып отыр, - деді басқарма басшысы.

Жиын соңында Жасұлан Бисембиев Денсаулық сақтау басқармасына облыстың санитариялық-эпидемиологиялық жағдайын жақсартуда кешенді жоспар жасақтауды, облыстағы шалғай ауыл халқына бейінді мамандарды жолдау арқылы медициналық көмек көрсетуді дұрыс жоспарлауды және медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруда жұмысты күшейтуді тапсырды.