Біржолғы жәрдемақы көлемі өсті

Медицина және фармацевтика қызметкерлеріне берілетін біржолғы жәрдемақы 10 миллион теңгеге дейін өсті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Шалғай ауылдағы медициналық кадр тапшылығын төмендету үшін әлеуметтік қолдау ережесіне өзгеріс енді. Осыдан соң, ауданға баратын қызметкерлерге 8,5 млн теңге берілсе, ауылдық жерлер мен кенттерге барған фармацевттер мен медицина мамандарына 10 млн теңге көлемінде әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Бұл туралы мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Нұрлыбек Даралиевтің төрағалығымен және облыс әкімі орынбасары Қайрат Нұртаевтың қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың ХІ сессиясында айтылды.

- Қызметкерге әлеуметтік қолдау көрсету облыстық бюджет қаражаты есебінен уәкілетті органмен құрылған комиссияның шешімі негізінде жүзеге асырылады, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.

Бұдан бөлек, сессия отырысында білім беру саласындағы мәселелер де талқыланды

- Үш ауысымды оқыту мәселесін шешу мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі арқылы екі кезеңдік рәсіммен, «Атырау қаласында жалпы білім беретін мектептер салу және пайдалану» жобасын жүзеге асырылады. Жоба бойынша конкурстың бірінші кезеңінде жалғыз әлеуметтік-жекеше серіктестік ретінде «Binom Barys» ЖШС өз техникалық ұсынысын жолдады. Арнайы комиссияның шешімімен ұсыныс үздік деп танылды. Конкурстың екінші кезеңінде , «Binom Barys» ЖШС-нің жоба бойынша конкурстық өтініші үздік деп анықталып, әлеуметтік-жекешелік әріптестіктен толықтыруға шешім қабылданды. Құрылыстық кезең 2024-2025, пайдалану кезеңі 2025-2030 жылдар аралығын қамтиды, - деді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Тілекқабыл Байдошев.