Белсенді қоспа – дәрі емес!

Сондықтан денсаулығыңызды да ойлап қойған артық етпейді. Бұл жөнінде аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында өткен семинарда айтылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында жоғары және бірінші сұрыпты бидай ұнын фортификациялауға бақылауды күшейту, тағамға қосылатын биологиялық белсенді қоспалардың айналымын түсіндіру мақсатында семинар өтті. Семинарға «Атамекен» ҰКП Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасының Құрманғазы ауданы бойынша филиалының директоры Нұрдәулет Дәрелов және жеке кәсіпкерлер, БАҚ өкілі қатысты. Шараны аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Азамат Жандыбаев жүргізді.

Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы Болғын Абилова жоғары және бірінші сұрыпты бидай ұнын фортификациялауға бақылауды күшейту, тағамға пайдаланылатын биологиялық белсенді қоспалардың айналымы, нан және нан өнімдеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық қағида талаптары жайлы түсінік берді. Бүгінде әлеуметтік желіде биологиялық белсенді қоспаларды (БАД) көптеп жарнамалап, оны кейбіреулер жаңылысып дәрі ретінде пайдаланып денсаулығына кері әсер етіп, зардап шегіп жатқанына тоқталды. Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы міндетін атқарушы Азамат Жандыбаев 2023 жылдан бастап кәсіпкерлік туралы заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізілгенін айтып: – Кодекстегі профилактикалық бақылауда нысанды барып және бармай қарау бар. Бармай қарау камеральдық және өндірістік бақылау. Хат жіберіп немесе телефонмен қандай нысан, қанша адам жұмыс жасайды, санитариялық талаптардан өткен бе, эпидемиологиялық жағынан маңызды нысан болса хабарлама берді ме соны сұраймыз. Наубайханалар, сыйымдылығы 50 адамнан асатын тойханалар эпидемиологиялық маңызы бар нысандар болып саналады,– дей келе нан тағамдарынан бөтен нәрсе шықса халық бірден арызданатынын, сондықтан, кәсіпкерлер осыны ескеріп тағам сапасын, тұтынушы денсаулығына зиян келтірмеу жағын назарда ұстаулары қажеттігін қаперге берді.

«Атамекен» ҰКП Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасының Құрманғазы ауданы бойынша филиалының директоры Нұрдәулет Дәрелов семинарда санитариялық талаптар туралы біраз мағұлмат берілгені үшін шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы міндетін атқарушы Азамат Жандыбаев пен жетекші маманы Болғын Абилова қатысушылар тарапынан туындаған сұрақтарға жауап қайтарды.

Қанат ҒҰМАРОВ