Бүгін – Мейіргерлер күні: атыраулық ақхалаттылардың абыройлы еңбегі

12 мамыр – бүкіл әлемде Халықаралық мейірбике күні атап өтіледі, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл – науқастың алғашқы ауырсынуын, уайымын, кейде тіпті шарасыздығын алғаш болып қарсы алатын жандардың мерекесі. Олар көбіне көзге түсе бермейді — оларда танымал сұхбаттар да, жоғары атақтар да жоқ. Бірақ дәл осы мейірбикелердің қолы мен жүрегі адамдардың өмірге қайта оралуына себеп болады. Олардың еңбегі — күнделікті көзге көрінбейтін ерлік. Бүгін біз Атырау облыстық ауруханасының аға мейірбикелері — жансақтау бөлімінің мейірбикесі Мария Абдулова және оңалту бөлімінің мейірбикесі Шолпан Сарсенғалиева туралы әңгімелегенді жөн көріп отырмыз.

Күнде жансақтау бөлімінің табалдырығын аттаған сайын Мария Абдулова, немесе әріптестері еркелетіп атайтындай, жай ғана Мария апа — өзінің уайым-қайғысын есік сыртында қалдырады. Бұл жерде әрбір секунд маңызды, себебі, адам өмірі қыл үстінде тұрады. Жыл басынан бері ауруханаға 4853 науқас түссе, соның 717-сі жансақтау бөлімінен өткен.

«Бөлімше 12 төсек-орынға есептелген, бірақ қазір жөндеу жұмыстарына байланысты кейбір науқастар модульдік ауруханада орналасқан. Облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде қазіргі таңда үш науқас жатыр: екеуі — ауыр бас-ми жарақатымен, біреуі — миға қан құйылу диагнозымен. Мен бұл жерде 1989 жылдан бері жұмыс істеймін. Жұмыс ауыр, бірақ осы мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Анам жиі ауыратын, мен оны емдеуді армандадым. Сол себепті мейірбике болуға оқуға түстім. Қазір қызым да медицина саласын таңдады» дейді Мария апа.

Жансақтау бөлімінде әлсіздікке орын жоқ. Мұндағы науқастардың жағдайы ауыр, кейде олар сезе алатын жалғыз нәрсе — сабырлы үн мен жылы көзқарас. Марияның жұмыс күні сегіз сағатпен шектеле бермейді, кейде оның кезекшілігі он екі сағатқа дейін созылады. Осы уақыт ішінде — ондаған екпе, монитордан бақылау, шұғыл операцияларға қатысу, сөйлей алмайтын, қарапайым су сұрай алмайтын, жастығын дұрыстай алмайтын науқастарға күтім жасау, тағы да басқа жұмыстар атқарылып жатады. 

Бұл жұмыс тек кәсіби шеберлікті ғана емес, сонымен қатар мықты жүйке, физикалық төзімділік пен рухани табандылықты талап етеді. Әріптестердің қолдауы, аз да болса үзіліс сәттері күйзелісті жеңуге көмектеседі. Ауруханада 36 жыл жұмыс істеген Мария талай нәрсені көрді: жол апаты, күйік, инсульт, қайғылы оқиғалардан кейін күйзеліске ұшыраған балалар... Осыны әрқайсысы жүректе жаралы із қалдырады.

«Есімде, бөлімге алғаш кірген күнім — жүрегім қысылып кетті. Мен бұл жерге шыдай алмаймын деп ойладым. Бірақ кейін түсіндім: менің орным — осында. Біз бір отбасы сияқтымыз. Егер бірімізге ауыр болса — қол ұшын береміз. Жансақтау бөлімі — екі әлемнің арасында орналасқан орын. Біздің міндетіміз — адамды өмірге қайтару. Ал, егер қайтару мүмкін болмаса, туған-туыстарына қайғылы жағдайды қабылдауға көмектесу. Бұл — ең ауыры. Кейбір науқастар жүректе ұзақ сақталады. Тіпті олар өмірден өтсе де, біз тағы не істей алар едік деп ойлайсың... Мен әрдайым әріптес қыздарға айтамын: біз — күшпіз. Бұл пафос емес, бұл - біздің жұмысымыз. Біз үшін ең қымбат сәт — науқастың өз аяғымен бұл жерден аман-есен шығып кетуі» дейді Мария.

Біз де кейіпкеріміздің көзінде шаршау барын аңғардық, бірақ сонымен бірге қайтпас қайсарлық та бар. Себебі, бұл жерде өзгенің өмірі үшін күресе білетін жандар еңбек етеді.

Жансақтаудан кейін ауыр жағдайдағы науқастарды оңалту бөліміне ауыстырады. Жыл басынан бері бұл бөлімде 100 адам қалпына келу курсынан өтті. Мұнда әрбір қадам, әрбір күлкі, қасықты қайта ұстауға немесе алғашқы қадам жасауға деген талпыныс — бәрі маңызды. Осындағы аға мейірбике Шолпан Сарсенғалиева медицина саласында 40 жылдан астам еңбек етіп келеді. Ол ауруханаға алғаш рет 18 жасында санитарка болып келген, ал екі жылдан кейін медициналық колледжге оқуға түскен.

«Соңғы жылдары инсультпен ауырғандар көбейді, әсіресе жастар арасында көп. Бұл коронавирус індетінің салдары деп ойлаймын. Жансақтау бөлімінде өмір үшін күреседі, ал біз — өмір сапасы үшін. Бұл — ұзақ әрі мұқият еңбекті талап ететін процесс. Әрбір ұсақ-түйек маңызды: адамның алғаш рет саусақтарын қимылдатуы, қасық ұстауы, алғашқы қадамын жасауы» дейді ол.

Жұмыс барысында Шолпан апа талай жағдайды көрген. Әсіресе, инсульт алған егде жастағы бір әйелдің оқиғасы есінде ерекше сақталған.

«Оны ес-түссіз күйде әкелді, сөйлей де, қимылдай да алмады. Ал, бір жарым айдан кейін немересін балабақшадан қарсы алуға барды» деп күлімдеп еске алды ол.

Оңалту бөліміндегі жұмыс тек білімді ғана емес, сонымен қатар рухани төзімділікті де қажет етеді. Кей күндері өте ауыр өтеді — науқастар күйзеліске түседі немесе ем нәтижесін бермейді.

«Біз де адамбыз. Шаршаймыз, уайымдаймыз. Бірақ кеше ғана орнынан тұра алмаған адамның бүгін кесе ұстап отырғанын көргенде — осынау еңбектің зая кетпегенін түсінесің. Біздің науқастар өте нәзік — әрі физикалық, әрі моральдық жағынан. Бірі қайта жүре алатынына сенбейді, бірі ұзақ айлар бойы күресіп, үмітін үзіп жатады. Ал, біздің міндетіміз — сенім ұялату, қолдау көрсету, көмектесу» дейді Шолпан апа.

Мейірбике күніне орай кейіпкеріміз өз әріптестеріне сабырлық пен денсаулық тілейді.

«Біз — мықты мамандық иесіміз. Біздің жұмысымыз — үміт сыйлау, сенім ұялату. Ал, бұл — адамға беруге болатын ең құнды сый» дейді ол.

Динара ҚАНБЕТОВА

Аударған: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ