Атыраулық тұрғын немересінің өліміне дәрігерлерді кінәлауда

Атырау облысының тұрғыны екі айлық немересінің өліміне дәрігерлерді кінәлайды.

Қайғыдан қан жұтқан Сәнім Ембергенованың айтуынша, олар шақалаққа тиісті ем-дом жасамаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.

Ауруханаға барғанша сәби мүлдем мазасызданбаған. Ал дәрігерлер нәрестенің жүрегінде 3 сантиметрлік тесік болғанын айтады. Сондықтан аман алып қалу мүмкін болмаған.

Сәнім Ембергенованың айтуынша, келіні жүкті кезінде екі мәрте ультрадыбыстық зерттеу жасатқан. Ол кезде де, тіпті босанған соң да дәрігерлер шақалақта қандай-да бір дерт бар екенін айтпаған. Тек бір айдан өткен соң дәрігерлердің қабылдауына барған кезде жүрегінде тесік бар деп шұғыл ауруханаға жатқызыпты. Кейін ақ халаттылар баланың жағдайының ауыр екенін айтып, дәрі-дәрмек сатып алып келуді талап еткен.

“Дәрігерлер қарамады, шынында да қарамады. Дәрігерді де маған сатып алдырады. Мысалы Энап деген 700 теңге тұрады екен, кішкентай ғана ақша ғой, оны өзім де алып беретін едім. Үлкендердің дәрісі дегеннен кейін алмадым ол дәріні, кішкентай балаға арналмаған. Оның дозасын көбейтіп салып жіберді ме. Мен ол жерге неге алып бардым деп әлі күнге дейін өкінемін” дейді Атырау облысының тұрғыны Сәнім Ермбергенова.

Ал дәрігерлер сәби өте ауыр жағдайда екенін жүрегін ультрадыбыстық зерттеуге түсіргенде білдік дейді. Бір жарым ай бұрын баланың жүрегінде 3 см тесік болған. Сондықтан операция жасау да мүмкін емес екендігін айтты. Қолдан келетін барлық ем-домды жасағанмен, аман алып қалу мүмкіндігі аз болғанына өкінеді. Келіншектің жүкті кезінде түскен ультадыбыстық зерттеулерде дерттің неге анықтамағанына олар да аң-таң.

“Польный АВСД деген, үлкен ДМЖП 1 жарым см, екінші первичный ДМВП 1,9 см. Почти балада 3 см тесік бар. Ол бала үшін өте үлкен тесік. Ондай порокта әдетте операцияға 5-6 айда барады. Өйткені ол кезде жүректің ортасы дамымаған. Екі жақтағы клапан да дамымаған. Уже өкпеге проблема өтіп жатыр деген. Екі жақты пневмание болды плюс” дейді Атырау облыстық балалар ауруханасының бала кардиологы Асылбине Жақсылықова.

Дәрігерлер аурудың бұл түрі ешқандай белгі бермейтінін айтады. Егер ауруханаға алып келмесе, бақытсыз жағдай үйде болуы мүмкін дейді. Қазір бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, қорытынды жасалады, - дейді полициядағылар.