Атыраулық тұрғын соқыр боп қалуға сәл қалды

Басы ауырып, балтыры сыздаған жанның барар жері – дәрігер. Алайда емдеу орнына шипа іздеп барған пациенттің кейде үміті үзіліп, дәрігерге деген көңілі су сепкендей басылатын сәттер болады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі Atr.kz-ке сілтеме жасап..

Атыраудағы медициналық кадр тапшылығы бөлек мәселе, мамандардың кәсіби білігінің төмендігінен кейде көлденең проблема туындап жататынын жасыра алмаймыз. Медициналық қызметтің сапасына қатысты хатын редакцияға аяқтай әкелген тұрақты оқырманымыз – мұнай-газ өнеркәсібінің ардагері, байырғы геолог, «Құрмет» орденінің иегері Төлеген Байзақовтың мәселесі бізді де бейжай қалдырған жоқ. Көз жанарына кіреуке түскенін сезген ақсақал былтыр қаладағы жекеменшік медициналық орталықтардың біріне барып, ем-дом қабылдайды. Бірақ оның құр уақыт өткізу екенін кеш байқаған… Атырау жұртының медицина қызметінің сапасына көңілі толмайды. Содан шығар, қатерлі кеселге шалдыққандардың елден жылу жинап, шет ел асып жан сауғалап жүргендерден әлеуметтік желі тұнып тұр. Бірақ біз Атыраудағы дәрігер атаулының бәрі сондай деуден аулақпыз. Өйткені ауруынан айығып, ақ халатты жандарға алғысын айтып жүргендер де жетіп-артылады. Дейтұрғанмен кейбір дәрігерлердің науқастардың үмітін ақтай алмай жүргені рас. Ал, оны жасырып отырудың соңы неге душар ететіні белгісіз, әйтеуір жақсы емесін түсінеміз. Бізге келген оқырман да дәрігердің қателігінен зағип болып қалуға сәл қалған.

«Атырау қаласындағы «RETINA-A» офтальмологиялық орталығында алғаш рет «көз линзасының бұлыңғырлануы» («катаракта») диагнозы бойынша 2019 жылдың 26 шілдесінде маған ота жасады. Былтыр мамырдың ортасында орталықтың көмегіне қайтадан жүгінуіме тура келді, бұл жолы оң көзімнің көру қабілеті төмендеді. Алдыңғы отада көздің мөлдір қабықшасы (хрусталик) ауыстырылса, дәрігерге қаралу барысында жетілмеген катарактаның қайталанғанын анықтады және осы көзімнің суқараңғы (глаукома) болу қаупін айтты. Оның көлемі 36 миллиметр екенін түсіндірген мамандар өздерінің емдеу әдістемесіне сүйеніп, толық тексеру жүргізді. Ол үшін ем тағайындап, үш айдан кейін келуге кеңес беріп, сосын лазермен қайталанған катарактаны тазалайтын болды. Қыркүйек айында катарактаны тазарту үшін келгенімде, оң көзімдегі қан қысымы 18-19 миллиметр болып, кемшілікті лазермен түзететін дәрігер қасаң қабықтағы (роговица) өзгерістерді анықтады. Тағы бір ай жарымда тамшы және жақпа түрінде қосымша ем тағайындады. Мен портал арқылы Атырау облыстық офтальмологиялық ауруханасына жүгініп едім, лазерлік аппараттың бір жылдан бері жөнделмей жатқанын айтты», – дейді оқырман өз хатында.

Осылайша, уақыт өтіп жатса да көзінің қан қысымы тұрақтамай, орталықтың табалдырығын тоздырған Төлеген ақсақалдың саулығы ай жарымдық емнен кейін де түзеле қоймапты. Әлгіндей диагноздан кейін сары уайымға түсе бастаған науқасқа өзге де мамандармен ақылдасқан дәрігер лазерлік иридэктомия жасау туралы шешім қабылдайды. Қарапайым тілмен айтқанда Бринэра тамшысы мен Лотил препаратынан соң көздің қан қысымы қалыпқа түспесе, сыртқы терең склерэктомия («непроникающая глубокая склерэктомия) әдісімен ота жасауды ұсынады. Дәрігердің осы сөзінен секем алған Төлеген Байзақұлы отадан бас тартады. Қайтадан Балықшыдағы облыстық офтальмологиялық ауруханасына жүгінген оны дәрігер дереу ауруханаға жатқызады. Осының барлығын тәптіштеп оқып отырған біздің ойымызға бірнеше сұрақ бір мезгілде оралды: Егер былтырғы мамырдың ортасынан бастап, жеті ай бойы дертіне шипа таппаған науқастың ауруы асқынып кетсе, кім жауап береді? Науқасты осынша уақыт сандалтып жүргізіп қою дәрігердің сауатты шешімі ме? Егер аурухана науқасты дер кезінде қабылдамаса, оның қазіргі жағдайы қалай болмақ? Т.Байзақовтың редакцияға арнайы келуінің басты себебі де осы еді. Өйткені, адамның көз жанары – оның ғұмыр бойы жарық дүниенің сәулесі мен шуағын сезінуі үшін бірден-бір қажет орган.

– Биыл 18 қаңтар күні офтальмологиялық аурухананың дәрігері Әлия Ұлжитаева тиісті отаны жасады. Қазір көз тамшысын тамызып, дәрігердің бақылауында жүрмін. Қымбат уақытым мен қаражатты айтпағанда, «RETINA-A» орталығының дәрігерлері глаукоманы да, қайталанған катарактаны да жоя алмады. Сонда бұл кәсібиліктің төмендігі емей немене?! 2019 жылы ота жасаған орталық дәрігерлері бұл сырқатқа шалдығуымның себебін неге айта алмайды?! Бір қынжылтатыны, мұндай жағдай менің ғана басымнан өткен жоқ. Жуырда жолыққан еңбек ардагері Сүйеу Сүлейменов те сол орталыққа глаукомамен емделіп жүргенімен, көзінің қан қысымы қалыпқа түспегенін айтты, – дейді Төлеген Байзақұлы.

Көзін емдетемін деп жүріп, көп нәрсеге көзі жеткен ардагер Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментіне де шағымданыпты. Осы жағдайға байланысты қазір қандай шара алынып жатқанын сұраған бізге департамент басшысының міндетін атқарушы Үмітхан Мұсабаева Т.Байзақовтан арыз түскенін жоққа шығарған жоқ.

– Иә, «RETINA-A» офтальмологиялық орталығындағы медициналық қызметтің сапасына қатысты арыз түсті. Енді тиісті талап бойынша профильдік немесе тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен тиісті жұмыстар жүргізіледі, – деді Ү.Мұсабаева.

Әлбетте, біздің міндет – газет оқырманының басынан өткен жағдайына байланысты мәселе көтеру. Сөз жоқ, сең қозғалды. Енді заңнамаға сәйкес құзырлы орган тексеріп, медициналық көмектің сапасын кәсіби мамандар анықтай жатар. Байқасаңыз, қазір үлкеннің де, кішінің де көзілдірікке жүгінген заманы. Яғни қоғамда көз ауруына шалдыққандар көп. Себеп – уақытты компьютердің алдында және телефонға үңіліп өткізу.

Осыған байланысты «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеуді» ұсынатын дәрігерлер көз күтіміне байланысты пайдалы кеңестерін ұсынады. Әуелі бөлмеге жарық біркелкі түсуі керек және жарықтың қапталдан түскені қолайлы; бөлменің төбесі қабырғасына қарағанда ашық, әрі ақ түсті болуы тиіс. Мәселен, баланың жазу жазып, кітап оқитын үстелінің орналасуына мән беріңіз. Жарық баланың сол жағынан түскені дұрыс. Орындықтың биіктігі мен арқалығы ыңғайлы, балалардың бойына сәйкес болғаны жөн. Ал, дәрігерлердің айтуынша, көру гигиенасын сақтау денсаулыққа пайдалы. Қарапайым тілде түсіндірсек, жазу жазып, кітап оқығанда фокустық ара қашықтық шамамен 30-35 сантиметрден кем болмауы тиіс. Компьютерде бір-екі сағаттан артық отырмаған жөн. Ал, баланы жарты сағаттан артық экран алдына жолатпау керек және экранның жоғарғы бөлігі көз деңгейінен төмен тұруы тиіс. Мүмкіндігінше жұмыс арасында 5-10 минут үзіліс жасап, сол кезде көзді жоғары-төмен және оңға-солға айналдыра қозғалту, терезе арқылы алысқа көз жіберу, сосын жақынға көз салу секілді жаттығулар жасағанның да пайдасы зор. Көру қабілетін сақтауға жейтін тағамыңыздың да септігі тиеді. А, В тобы мен Е, С дәрумендеріне бай тағамдарды көбірек тұтынған адамның көруі төмендемейді.

Дәрігерлік – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан болар, жүрегі дауалап бұл саланы таңдайтындар да көп емес. Өйткені, «адам жанының инженері» саналатын ақ желеңділердің қателесуге хақысы жоқ. Ал, Гиппократ антына адал болу – әр дәрігердің басты қағидасы. Бұл жазылмаған заң. Көз жанарын емдеуге барып, көкейіне дәрігерге деген күдік ұялатып қайтқан Төлеген ақсақалдың бізге айтқан ең басты тілегі де сол: "Менің басымнан кешкен жағдай басқаларға сабақ болса екен!.."

Фото-иллюстрация: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ