Атыраулық мамандар суицидтің көбеюіне алаңдаулы

Биыл Қазақстан суицид рейтингінде 19-орында тұр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Жалпы, суицид дегеніміз – бұл саналы түрде өмір сүруді тоқтату, яғни, өзіне-өзі қол жұмсау. Отбасылық жанжал, сәтсіздік, дәрменсізді және басқалары – бәрі де суицидтің басты себептері. Соңғы бір жылда елімізде суицид жиілігі 6,1%-ға төмендеді. Соның ішінде ең аз көрсеткіш Атырау облысында тіркелген екен. Бірақ, бұл тоқмейілсуге сеп емес. Жыл басынан бері 19 суицид әрекеті тіркеліп, 7 адам ажал құшты.

Мысал ретінде айта кетсек, Алмагүл ықшамауданында 18 жастағы қыз өзін-өзі өлтірді. Бұған сол маңдағы көпқабатты үйден секіріп кетпек болған 23 жастағы жігітті қосыңыз. Ал, осындай тағы бір оқиға, сәуір айында 16 жасар қызды бүкіл қала болып іздеп, ақыры өлі күйінде тапты.

Яғни, қазір жастар арасында өз-өзіне қол жұмсау әрекеті жиілеп отыр деген сөз. Соңғы 15 жылда мұндай қадамға баратын 15-24 жастағылардың қатары екі есеге өсті. Жастықтың ең алаңсыз, әрі қызықты шағында өмір сүруге емес, ажалға асығудың себебі неде? Депрессия, отбасындағы түсініспеушілік, оқудағы қиындықтар, қоғам тарапынан кемсітушілік, бұл – жасөспірімнің өмірмен ерте қоштасуының себептері.

"Барлығы айналып келгенде отбасыдан басталады. Ешбір адам мұндай шешімді оңай қабылдай алмайды. Сондай кезде ата-ана баласымен ашық сырласып, өмірде бәрі болатынын ұғындыру қажет. Адамға берілген ғұмырдың өз құндылығы, миссиясы барын баланың санасына жастайынан сіңірген жөн" дейді психолог Орынғали Ерниязов.

Ал дәрігер-психиатр Айтолқын Габдрахманова суицид, әсіресе, жасөспірімдер арасында көп екенін айтады.

"Мұндай балалармен айналысу жалпы тәжірбиелік дәрігерлерге жүктеліп отыр. Олар себебі мен белгілерін анықтап, алдын алуға әрекет ету керек" дейді ол.

Бір анығы, жаңбырдан кейін күн шығады. Сол сияқты мұңнан кейін күлкі, қайғыдан кейін қуаныш келетінін ұмытпаған жөн.

Ақбота МАГПАРОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің "Журналистика және ақпарат" мамандығының 1-курс студенті