Атырау облысында Медицина қызметкерлері күніне орай жас мамандар арасында «MEDICAL QUIZ» атты зияткерлік сайыс ұйымдастырылды. Білім додасы Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің АОФ және Атырау қалалық жастар ресурстық орталығының бірлесуімен өтті, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Зияткерлік сайысқа облыс аумағындағы емдеу-сауықтыру мекемелерінен құралған 23 команда құрамындағы 115 жас медицина қызметкері қатысты. Алты кезеңге созылған білім додасында қатысушылар медицина саласындағы кәсіби білім, логикалық ойлау қабілеті, ел тарихы, сондай-ақ қазіргі денсаулық сақтау жүйесіне қатысты түрлі сұрақтарға жауап берді.
Іс-шара жас мамандардың кәсіби дамуына жол ашу, сала қызметкерлері арасындағы ынтымақтастық пен командалық байланысты нығайту мақсатында ұйымдастырылды.
– Медицина қызметкерлері тек ауруханада емес, қоғамда да белсенді болуы керек. Осындай зияткерлік сайыстар дәрігерлердің жан-жақты дамуына, ой-өрісінің кеңеюіне септігін тигізеді, – деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.
Дәрігерлердің кәсіби тапқырлығы мен білімін сынға салған додада облыстық онкологиялық диспансердің «Адреналин» командасы 26 ұпаймен алға шығып, ойын жеңімпазы атанды. Екінші орынды Атырау қалалық №2 емхананың «Пульс» командасы қанжығаласа, үшінші орынды Қалалық перзентхана қызметкерлерінен құралған «Схватка за победу» командасы иеленді. Қалған қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Ойынға қатысқан жас дәрігерлер бұл бастаманың маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта да осындай игі жобалардың жалғасын табатынына сенім білдірді.