Атырауға білікті дәрігерлер келді

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің жетекші мамандары жұмыс сапарымен Атырау облысына келді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Ақтөбе қаласынан келген сегіз жетекші маман облыстық балалар ауруханасы, №2 аурухана, облыстық перинаталдық орталық, қалалық перзентхана және №7 қалалық емханаға барды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Келген мамандардың қатарында: хирург, инфекционист, невропатолог, педиатр-неонотолог, акушер-гинеколог, реаниматолог бар. Батыс Қазақстан медициналық университетінен келген ақ халатты абзал жандардың бірі – инфекциялық аурулар және балалар инфекциясы кафедрасының меңгерушісі Мейрамбек Құрманғазин жұмыс сапарының мақсатын түсіндірді.

– Біздің Атырау өңіріне келудегі мақсатымыз – Қазақстанда бас көтерген "қызылша", "гепотит" ауруларынан қорғану мақсатында семинар, іш-шаралар өткізу. Сонымен қатар, жергілікті мамандармен тәжірибе алмасып, тұрғындарға көмек көрсету. Біз бұл сапардан нәтижемен ораламыз деген сенімдеміз, - деді ол.

Ақтөбеден келген акушер-гинеколог және реаниматолог мамандар қызу жұмысқа кірісіп, жағдайы қиын науқастарға ота жасап та үлгерген. Мамандардың айтуынша, осындай бірлескен тәжірибелер арқылы екі қала мамандарының арасы жақындай түспек.

Жетекші мамандар алдағы күндері Мақат және Жылыой аудандарының емханасына барып, ол жердегі науқастарды да тексерістен өткізіп, аймақтағы мамандармен бірлесе жұмыс атқармақшы.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ