Атырауда жол апатына түскен ананы босандырды

Болашақ фельдшерлер кәсіби байқау барысында жол апатына түскендерге көмектесіп, аналарды босандырды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

24 мамыр күні Атырау облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы базасында Атырау жоғары медициналық колледжі, Атырау жоғары көпсалалы колледжі «Болашақ» және Жылыой ауданы ЖШС «Мед-профи колледж» студент-түлектер арасында кәсіби байқау өткізілді. Байқау колледж түлектерінің теориялық және практикалық білім деңгейін, жедел медициналық көмек көрсетуге дайындығын анықтайды. Көрсетілген командалық жұмыс жедел медициналық көмек көрсетудегі кәсіби құзыреттіліктің, өсу мен алдағы жұмыстағы жауапкершіліктің артуына ықпал етеді.

- «Болашақ фельдшер-2023» атты кәсіби байқауы өңірде алғаш рет өткізілуде. Ендігі әр жыл сайын ұйымдастырылатын болады. Бұл байқау арқылы бітіруші түлектердің арасындағы үздіктерді Атырау облыстық медициналық жедел жәрдем стансасына қызметке шақыратын боламыз. Жас түлектерге де өз білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасатын керемет мүмкіндік деп ойлаймын, деді облыстық Жедел-жәрдем стансасының басшысы Азамат Ерболов.

Байқау қорытындысына сәйкес, І орынға Атырау жоғары медициналық колледжі, ІІ орынға Атырау жоғары көпсалалы колледжі «Болашақ» және ІІІ орынға Жылыой ауданы ЖШС «Мед-профи колледж» ие болды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ