Атырауда тұмаудың 40 жағдайы тіркелді

Өткен жылдың күзінен бері облыста тұмау аурушаңдығының 40 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық департаментінің мәліметінше, қаланың өзінде тұмау ауруы бойынша 26 жағдай орын алса, Жылыой ауданында -3, Исатайда-1, Құрманғазы ауданында- 5, Мақат-4, Қызылқоға ауданы -1 жағдай, оның ішінде 31 үлгіден тұмау вирусының В типі және 9 үлгіден тұмау вирусының А типі анықталған.

14 жасқа дейінгі балалар саны бойынша-12, ересектер саны-27, оның ішінде жүкті әйелдер арасында 17 жағдай тіркелді. Осыған орай атыраулық дәрігерлер аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда дәрігердің көмегіне жүгіну қажеттігін айтты.

– Жөтел, бас ауруы, әлсіздік мазалай бастаса, учаскелік дәрігерге қаралып, алғашқы емдік шараның үй жағдайында емес, мамандардың көмегіне жүгінуге шақырамын. Өйткені  кей науқастар ауруды асқындырып алғаннан кейін ғана мамандардың көмегіне жүгінеді. Сондықтан оны емдеуге де ұзақ уақыт жоғалтып жатамыз. Вирустық инфекцияның өршіп тұрған уақытында халық көп шоғырланатын түрлі мерекелік шаралар мен қонақтықтардан бойыңызды алшақ ұстағандарыңыз абзал, деді «Aman-Saulyq» клиникасының дәрігер педиатры Маржан Абдуалиева.