Атырауда республикалық репродуктивті денсаулық апталығы жалғасуда

Елімізде жыл сайын өткізіліп келе жатқан республикалық репродуктивті денсаулық апталығы – қоғамдағы маңызды медициналық, әлеуметтік және тәрбиелік мәселелердің бірі – жастар мен жасөспірімдердің денсаулығын сақтау, оларды ақпараттандыру мақсатында ұйымдастырылатын ауқымды шаралардың бірі. Биыл бұл апталық 12 мамырда бастау алып, еліміздің барлық өңірлерінде түрлі кездесулер, дәрістер, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Осы апталық аясында Атырау қаласында маңызды іс-шара ұйымдастырылып, онда Адам папиллома вирусы (АПВ), оның алдын алу, вакцинация мен скринингтің маңыздылығы жөнінде арнайы кездесу өтті. Оған облыс әкімі аппаратының бас инспекторы, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы  Замзагүл Жалмурзина, №7 қалалық емхананың ана мен бала қызметіне жауапты дәрігері Нұрханым Үмбетқалиева, облыстық білім беру басқармасының бас маманы Қадыржан Сапаров қатысты.

Іс-шарада Нұрханым Әубекерқызы адам папиллома вирусының жастар арасындағы кең таралуы, оның жатыр мойны обыры сынды қауіпті дертке әкелуі мүмкін екендігін, және бұл аурудан дер кезінде жасалатын вакцинация мен тұрақты скрининг арқылы тиімді түрде қорғануға болатынын түсіндіріп өтті. Ал, Замзагүл Хиданқызы өз сөзінде ана мен бала денсаулығы – мемлекеттің басты басымдығы екенін атап өтті. Ол жастарды жауапкершілікке, өз денсаулығына немқұрайлы қарамауға шақырды.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар мен қонақтар ата-аналар мен ұстаздарға балалардың денсаулығына бей-жай қарамай, уақытылы ақпараттандырудың, профилактикалық шаралардың, әсіресе вакцинацияның маңыздылығын түсіндіріп отыру қажет екенін еске салды.

Айта кетейік, аталған шара бір ғана кездесумен шектелмейді. Бұл – қоғамның санасын өзгертуге, дені сау ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған үлкен қозғалыстың бір бөлшегі.

"Егер біз шынымен мықты ұлт болғымыз келсе, дені сау болуға үйретуден бастауымыз керек. Өйткені, дені сау бала – ол отбасының қуанышы, ұлттың болашағы" деп түйіндеді жиналғандар.

Аман ШАМАР