12-16 мамыр аралығында аймақта халықтың репродуктивті денсаулығының маңыздылығын түсіндіруге, кәмелет жасына толмағандар жүктілігінің, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын-алуға бағытталған бірқатар шара өтеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мамандары жеткізді. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Әлия Жанғалиева ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында өтетін апталықтың әр адамның жіті тексеруден өтіп, дәрігерден кеңес алуына берілген бірегей мүмкіндік екенін атап өтті.
- Апта аясында ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары, денсаулық сақтау орталықтарындағы ашық есік күндері, жасөспірімдерге арналған тегін медициналық тексерулер мен кеңестер ұйымдастырылады. Негізгі мақсатты аудитория – жастар мен жасөспірімдер, балалы болуға мүмкіндігі бар ерлер мен әйелдер, сондай-ақ медицина қызметкерлері мен білім беру қызметкерлері, - деді ол.
Шара барысында облыс тұрғындары гинеколог, уролог, репродуктолог және дерматовенеролог мамандардан тегін кеңес ала алады. Сонымен қатар мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында тақырыптық ашық дәрістер ұйымдастырылады. Жастар мен ата-аналар үшін ерте жыныстық ағарту мен жасөспірімдер жүктілігінің алдын алу бойынша кездесулер өтеді.
- Бұл апталық республикалық деңгейде жүргізіліп жатқандықтан облысымыздағы жеті аудан мен қаладағы барлық емханада ұйымдастырылады. Осы бойынша жұмыс жоспары құрылып, әрбір күн тақырыпқа бөлінді. Алғашқы күн – апталықтың ашылуы, екінші күн жасөспірімдердің денсаулығын қолдауға, үшінші күн отбасылық өмірді жоспарлауға, төртінші күн жыныс жолдары арқылы берілетін инфекциялардың алдын алуға бағытталса, аптаның бесінші күні адам папиллома вирусының алдын алу жөнінде болады, - деді перзентханалық қызметтің штаттан тыс бас үйлестірушісі Асқар Кенжеғалиев.
Мұндай науқан кезінде мамандар жас буынның денсаулық сақтауына, атап айтсақ, ерте жүктіліктің алдын алу, жасанды түсікке жол бермеу сынды жайттарға назарын аударады. Әлия Жанғалиеваның мәліметінше, ерте жыныстық жетілу шамамен он алты жастан басталады. Бірінші жартыжылдық қорытындысымен облыста жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің 35 жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда азайған.
Сәуле МАҒАУ
Фото: ru.freepik.com