Атырауда психикалық денсаулық орталығы салынады

Бұл туралы Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Елдос Кдрсихов мәлім етті, деп хабарлайды ATPress.kz Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының бүгінде екі ғимараты жұмыс жасайды. 2020 жылы қаңтар айында күрделі жөндеуден шыққан ғимаратта әкімшілік, наркологиялық стационар, мәжбүрлеп емдеу бөлімшесі, бейімдеу және детоксикация орталығы орналасқан. Ал, психиатриялық стационарлары бар аурухана бір қабаттан тұрады. Оның ішінде 5 психиатриялық бөлімше болса, қалған 8 бөлім шаруашылық мақсатта қолданылады.

-Өткен жылға қарағанда психикалық және мінез-құлықтық бұзылушылықтары бар динамикалық бақылауда тұрған науқастар саны 0,3 пайызға көбейіп, динамикалық наркологиялық бақылауда тұрған адамдар 3,3% - ға төмендеді. Ал, трамадол дәрілік есірткісін қолданатындардың саны 16,7% - ға өссе, ал басқа есірткі заттарын қолданатындардың саны 1% - ға төмендеді.

Сондай-ақ, психикалық белсенді заттар қолдану нәтижесінде психикалық және мінез-құлықтық бұзылулары бар 169 пациент есептен шығарылды, деді Е.Кдрсихов.

Оның айтуынша, психиатриялық стационардың барлық ғимараттары апаттық жағдайда болуына байланысты, алдағы жылы облыста 250 орындық психикалық денсаулық орталығының жаңа ғимаратының құрылысы басталады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда сметалық құжаттары жасақталуда.

Сонымен қатар, ол халыққа психологиялық қызмет көрсету мақсатында психоәлеуметтік түзету және медикопсихологиялық көмек көрсетілетінін жеткізді. Ол бөлімшеде балалар психиатры, психологы, қолданбалы мінез-құлықты талдау терапевті, логопед, дефектолог мамандары бар екенін айтты.

Фото: ашық дереккөздерден