Өткен жылдың қорытындысы бойынша Атырау облысында қатерлі ісікке шалдығу көрсеткіші артқан, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы облыстық онкология диспансерінің директоры Эльмира Сапарова мәлім етті.
Оның айтуынша, өңірде қатерлі ісікке шалдығу көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 176,6 жағдайды құраған. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 160,3 болған. Яғни бір жыл ішінде ауру деңгейі 10,2 пайызға өскен.
— Қазіргі таңда облыста қатерлі ісік диагнозымен 44 388 адам диспансерлік есепте тұр. Оның ішінде 24 бала бар. Өткен жылы өңірде 1259 жаңа қатерлі ісік жағдайы анықталды, — деді ол.
Маманның айтуынша, өңірде өкпе, асқазан және сүт безі қатерлі ісігі жиі кездеседі. Әсіресе өкпе, өңеш және асқазан обырына шалдыққан науқастар арасында өлім көрсеткіші жоғары.
Сонымен қатар онкологиялық аурулардың 60,4 пайызы бірінші және екінші сатысында анықталып отыр. Бұл дертті ерте диагностикалау жұмыстарының нәтижесі екенін көрсетеді.
— Скринингтік тексерулер қатерлі ісікті ерте анықтауға мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, кей тұрғындар медициналық тексерулерге немқұрайлы қарайды. Ауруды асқындырмай, дер кезінде тексеруден өту өте маңызды, — деді Эльмира Сапарова.
Оның айтуынша, өңірде онкологиялық көмекті жақсарту бағытында жаңа жобалар қолға алынуда. Атап айтқанда, болашақта жаңа онкологиялық аурухана мен радиологиялық корпус салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ диспансер 150 заманауи функционалды төсекпен жабдықталған.
Айта кетейік, елімізде онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте анықтау мақсатында скринингтік бағдарлама 2008 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.