Атырауда енді 14 мыңнан астам осал топтағы азамат МӘМС арқылы ем ала алады

Елімізде биылдан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған өзгерістер басталды. Әсіресе, әлеуметтік осал топтағы азаматтарды сақтандырумен қамту мәселесіне басымдық берілуде. Осы жаңашылдықтар жайында AtyrauPress тілшісі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Атырау облысы бойынша филиалының директоры Әсел Нұғмановамен сұхбаттасқан еді.

- Әсел Жалғасқызы, бүгінде Атырау облысында МӘМС жүйесіне халықтың қамтылу деңгейі қандай?

- Қазіргі таңда Атырау облысында 630 550 адам, яғни халықтың 89,3 пайызы МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Оның ішінде 440 мыңға жуық тұрғын жеңілдік санатына жатады, олардың сақтандыру жарнасын мемлекет төлеп отыр. Бұл - әлеуметтік саясаттың нақты нәтижесі.

- Сақтандырылмаған азаматтар да бар екені белгілі. Бұл мәселе қалай шешіледі?
- Иә, өкінішке қарай, өңірде 89 684 адам МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Соның ішінде 14 мыңнан астамы әлеуметтік осал D және E санатындағы азаматтар. Қабылданып жатқан реформалар дәл осы топты қолдауға бағытталған.

- Жаңа өзгерістердің басты ерекшелігі неде

- Ең маңызды жаңалық - 2026 жылдан бастап D және E санатындағы азаматтар медициналық көмекке жүгінсе, олардың МӘМС жарнасын жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады.

Яғни, адам алдымен медициналық көмек алады, ал сақтандыру жарнасы кейін бюджет есебінен өтеледі. Бұл - халық үшін ең қолайлы әрі әділ механизм.

- Бұл тетік нақты қалай жұмыс істейді?

-Мысалмен айтсақ, Атырау облысында цифрлық отбасылық карта деректері бойынша 24 952 адам осы санатқа кіреді. Айталық, қаңтар айында олардың 2000-ы медициналық көмекке жүгінді делік. Онда ақпан айынан бастап жыл соңына дейін сол 2000 адам үшін жергілікті бюджеттен МӘМС жарнасы төленеді.

Бұл тәсіл медициналық көмекті кешіктірмей алуға мүмкіндік береді.

- МӘМС жүйесінде медициналық қызмет сапасын бақылау қалай өзгерді?
- Қазір Қор жұмысы толық цифрландырылды. «Saqtandyrý» жүйесі негізінде жасанды интеллектке сүйенген мониторинг енгізілді.
Бұл жүйе медициналық қызмет көрсету барысында кеткен кемшіліктерді автоматты түрде анықтайды, адам факторын азайтады және шешім қабылдауда ашықтықты қамтамасыз етеді.

- Медициналық ұйымдар үшін бұл жүйе қаншалықты әділ?

- Жаңа модельде экстерриториялық қағида бар. Яғни, бір өңірдегі медициналық ұйымға қатысты мәселені басқа облыстың тәуелсіз сарапшылары қарайды. Сонымен қатар, үш деңгейлі апелляция жүйесі енгізілген. Медициналық ұйымдар өз уәжін дәлелдеп, қарсылық білдіре алады.

- Атырау облысында МӘМС жүйесінде қанша медициналық ұйым қызмет көрсетеді?

- 2025 жылы өңірде 79 медициналық ұйыммен келісімшарт жасалды. Оның 34-і – мемлекеттік, 45-і – жекеменшік клиника. Бұл тұрғындарға емдеу мекемесін таңдауға мүмкіндік беріп, қызмет сапасы бойынша бәсекелестікті арттырды. Біз үшін басты өлшем – ұйымның меншік нысаны емес, көрсетілетін қызметтің сапасы.
- Соңында тұрғындарға айтар басты кеңесіңіз?

- Әр азамат өзінің МӘМС жүйесіндегі мәртебесін тексеріп отырғаны жөн. Егер сұрақтар туындаса, Қордың өңірлік филиалдары әрдайым кеңес беруге дайын. Жүйедегі өзгерістердің барлығы - халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған.

 

Сұхбаттасқан - Серікібол ПАНАБЕРДИЕВ.