Өңірде ақпанның 24-нен бастап туберкулезге қарсы күрес айлығы өтуде. Аталған айлық Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күніне орай ұйымдастырылып отыр және наурыздың 24-не дейін жүргізіледі. Бұл туралы облыстық Туберкулезге қарсы күрес диспансері балалар бөлімінің меңгерушісі, жоғарғы санатты дәрігер-фтизиатр Марат Шуақбаев баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мемлекетіміз туберкулездің таралуы жағынан Еуропа мен Азия аймақтары бойынша ең жоғарғы деңгейде. Сондықтан елімізде айлық белгіленіп, бір ай бойы ақпараттық жұмыстар жүргізіледі. Нақтырақ айтқанда, осы мақсатта түрлі конференциялар өткізіліп, БАҚ арқылы ақпараттық жұмыстар жүргізіледі. Ауруханаларда, емханаларда ашық есік күндері ұйымдастырылады.
- Ғасырдан астам уақыт бойы жалпы дүниежүзінде бұл күн ерекше атап өтіледі. Айтулы күнде облыстық Туберкулезге қарсы күрес диспансерінің дәрігерлері балабақшадан бастап, ересектер жұмыс жасайтын орындарға барып, әр-түрлі танымдық шаралар мен түсінік жұмыстарын өткізеді. Аталған шараларға қатысатын тұлғалар да бекітілді. Атап айтсақ, облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы, емдеу-сауықтыру, бастапқы санитарлық көмек мекемелері, сондай-ақ туберкулезге қарсы күрес саласында еңбек етіп жүрген фтизиатр мамандар мен медбикелер жұмылдырылады, деді М.Шуақбаев.
Сондай-ақ, оның айтуынша, бүгінде туберкулезге қарсы дәрілерді жасақтау жұмыстары жүргізілуде. 2000 жылдан 2015 жылға дейін жұқпалы ауруға қарсы тек 4 дәрі болса, қазіргі таңда бұл дәрілер екі есе көбейген. Ал статистика бойынша өңірде аталған жұқпалы ауру жыл сайын 5-7%-ға азайып келеді.