Атырау қаласындағы №4 қалалық емханаға қатысты әлеуметтік желілер мен мемлекеттік органдарға жолданған шағым қоғамда қызу талқылауға себеп болды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Өзін дәрігерлер мен медбикелерміз деп таныстырған қызметкерлер емхана басшылығының жұмысына қатысты бірқатар айып таққан екен.
Шағымда бас дәрігер Төлеген Бауыржан Дүйсебайұлының қызметіне байланысты туысқандылық, жерлестік және фаворитизм белгілері бар екені, кадрлық тағайындаулардың кәсіби талаптарға сай еместігі айтылған. Сонымен қатар скринингтік тексерулер барысында деректердің бұрмалануы, медициналық құжаттардың қолдан жасалуы, бюджет қаражатының мақсатсыз пайдаланылуы, ғимараттарды жалға алу кезінде күмәнді қаржылық айырмашылықтардың болуы секілді фактілер көрсетілген.
Арыз иелерінің мәлімдеуінше, медбикелер заңсыз әрекеттерге мәжбүрленген, ал кейбір талдаулар пациенттердің хабарынсыз жүргізілген. Бұдан бөлек, мүгедектікті заңсыз рәсімдеу деректері де болғаны айтылып, бұл бойынша нақты адамдардың аты-жөні көрсетілген. Қызметкерлер қысымнан қауіптеніп, анонимділікті сақтауға мәжбүр екенін жеткізген.
Аталған жағдайларға байланысты Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасы ресми түсініктеме берді. Басқарма әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты қарап шыққанын мәлімдеп, скрининг деректерін бұрмалау және құжаттарды қолдан жасау фактілері расталмағанын хабарлады. Дегенмен, тексеру барысында анықталған жекелеген заңбұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданған.
Кадрлық мәселелерге қатысты басқарма бас дәрігердің орынбасарлары бұрынғы басшылық кезінде тағайындалғанын және олардың кәсіби тәжірибесі ескеріліп, қызметте қалғанын атап өтті.
Ал мүгедектікті заңсыз рәсімдеу фактілері бойынша емхана әкімшілігі құқықтық сипаттағы шаралар қабылдап, материалдарды Атырау облысы Полиция департаменті мен прокуратура органдарына жолдаған. Қазіргі уақытта уәкілетті органдар заң аясында тексеру жүргізіп жатыр.
Денсаулық сақтау басқармасы медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігі тұрақты бақылауда екенін айтып, тұрғындарды тексерілмеген ақпаратқа сенбеуге шақырды.
Сонымен бірге, емхана қызметкерлерінің көтерген мәселелері қоғамда мемлекеттік медициналық ұйымдардағы басқару сапасы, ашықтық пен жауапкершілік мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. Құзырлы органдардың тексеру нәтижелері бұл даулы жағдайға нақты құқықтық баға беруге мүмкіндік бермек.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.