Облыстық перинаталдық орталықтың акушерлер мен дәрігерлері мектептің алғашқы сабағында білгендерімен бөлісіп, кеңестерін айтты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, босануға арналған дайындық мектебіне жүкті әйелдер жүктіліктің 34-ші аптасынан бастап тегін жазыла алады. Дәрістер перинаталдық орталықтың күндізгі стационарында өтеді.
- Сабаққа қатысушылар перзентханаға түскен кезде қандай заттар керектігін, 103-ті қай кезде, қандай жағдайда шақыру қажеттігін, босанар алдындағы алғашқы белгілер мен босану кезеңдері, тыныс алу тәсілдері мен босанудағы серіктестің рөлі туралы ақпаратпен толық қамтылады. Сондай-ақ, дәрігерлер болашақ аналарға босанғаннан кейінгі кезеңде өзін және сәбиін қалай дұрыс күту керектігін үйретеді. Сабақ үш күн қатарынан өтеді, - деді облыстық перинаталдық орталықтың баспасөз хатшысы Нұргүл Исмагулова.
Оның айтуынша, сабаққа сұраныс бар. Осыған орай, екінші лекті бастау 8 қарашаға жоспарланған, одан кейінгі сабақ келесі айда ұйымдастырылады.
Бұдан бөлек, облыстық перзентханада ақылы палаталар іске қосылған.
- Әйелдер босанғаннан кейін ақылы палатаға жата алады. Онда босанған әйелге көмекші ретінде оның туысы немесе жолдасы кіре алады. Тіпті қасына қонуға да болады. Ол жерде барлық жағдай жасалған, жеке жуыну бөлмесі, теледидар, тамақ ішетін бөлме бар, - деді Н. Исмагулова.
Сәуле МАҒАУ