Атырауда 4 мыңға жуық донор қан тапсырды

Жалпы өз еркімен донор болып қан тапсыруға өтінім берген 4497 адамның ішінен 3444 адамның қан құрамы жарамды деп танылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы «Атырау облыстық қан орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын мекемесі директорының медицина жөніндегі орынбасары Самат Жолдыбаев баспасөз брифингінде мәлім етті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Барлық донордан 3407 доза эритроцит құрамдас қан компоненті, 608 доза криопреципитат және 405 доза тромбоцит құрамдас компоненттер дайындалды. 

- Донорлар үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Қазіргі таңда қан орталығының зертханалары жоғары технологиялық құралдармен жабдықталған. Сондай-ақ қанды әзірлеу және қайта өңдеу бөлімшелері қажетті медициналық құралдармен 100%-ға қамтамасыз етілген. Қан компоненттерін әзірлеу және олардың барлық түрін дайындау мен тексерудің кезеңдері компьютерлік, автоматтандырылған жүйеде жүргізіледі. Орталық инфекциялық, иммунологиялық, вирусологиялық қауіпсіздіктің максималды өлшемдерін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін заманауи стандарттарға сай, - деді С.Жолдыбаев.

Былтыр қан орталығына донорлыққа ниет білдірген 12 мыңға жуық азаматтың 8500-і тексеруден оң нәтиже көрсетіп, қан тапсырған.