Атырауда 13 мыңнан астам адам ЖРВИ жұқтырған

Облыста жіті респираторлық вирустық инфекциялардың 13 107 жағдайы тіркелген, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Оның ішінде тұмауға жатпайтын риновирус, аденовирус, РС вирус, парагрип, бокавирус аурулары бар. Бұл туралы Атырау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алтынгүл Аймұратова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

- Биыл жергілікті бюджет есебінен Ресей Федерациясында өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасының 65 000 дозасы сатып алынды. Тұмаудың жыл сайынғы маусымдық вакцинациялау жұмыстары 15 қыркүйекте барлық емханаларда басталды. Облыста тұмауға қарсы 59 510 адам егілді. Оның ішінде 1 023 адам жұмыс беруші есебінен екпемен қамтылғандар. 2 594-і жүкті әйелдер болса, 13 134-і – балалар, - деді А.Аймұратова.

Инфекционист-дәрігер Айнұр Казиеваның сөзінше, тұмау, әсіресе, иммунитеті әлсіреген адамдарда, балалар мен қарт адамдарда жиі асқынады.

- Балалар мен егде жастағы адамдарда симптомдар тезірек дамуы және ауыр болуы мүмкін. Кейбір жағдайларда тұмау бронхитпен, пневмониямен, гайморитпен асқынады, ал егде жастағы науқастарда астма, қант диабеті және жүрек ауруы сияқты созылмалы аурулардың өршуіне әкеледі. Ол жақын қарым-қатынаста болған кезде, әсіресе қоғамдық орындарда, мектептерде және кеңселерде басқаларға оңай жұқтырады. Тұмаудан қорғанудың ең жақсы жолы – жыл сайын екпе алу, - деді ол.

Сәуле МАҒАУ