Атырау облысында А гепатитінің 12 жағдайы тіркелді

Биыл жыл басынан бері Атырау облысында А гепатитінің 12 жағдайы тіркеліп отыр, деп хабарлайды AtyrauPress.
Оның ішінде 5 жағдайы 12 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген. Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауов 2020-2021 жылдары А гепатиті мүлдем тіркелмегенін айта келе, ауруды алдын алу үшін гепатитке қарсы екпе алу қажеттігін баса айтты.
- Биыл тіркелген 12 жағдайдың ішінде ата-аналардың балаларына екпе салдырудан бас тартқан және науқас адамдармен қарым-қатынаста болған. Ал қалғандары жуылмаған жеміс-жидек жеу салдарынан сырқаттанған. Негізінде, А гепатиті тазалықты сақтамаған жағдайда және ауызсу таза болмаған кезде жұғатын ауру түрі. Сондықтан, тазалыққа мән берген жөн. Облысымызда аурудың бұл түрінің өсуі байқалғанымен, облысымызда эпидемиологиялық жағдай тұрақты, - деді М.Танауов.
А гепатитін алдын алудың бірден бір жолы – екпе салдыру. Айта кетейік, қазір облыста гепатитке қарсы 20 мың доза вакцина бар.