Қазір мұндағы урология, нефрология, эндокринология, гематология, ревматология, лор және гинекология бөлімшелері модульдік аурухана көшірілуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, күрделі жөндеуге жабылған екі корпус 1998 және 2002 жылы салынған. Ал 1967 жылы бой көтерген ескі ғимаратта инсульттық орталық, травматология, және нейрохирургия бөлімшелері штаттық режимде жұмысын жалғастыра береді.
- Қарашаның ортасына дейін 7 бөлімшені көшіріп, жөндеу жұмыстарын бастаймыз. Ал наурызда жансақтау бөлімі, хирургия, лаборатория көшіріледі. Әзірге жедел-жәрдеммен келген науқастарды облыстық ауруханада қабылдаймыз. Ал, науқас емге жатқызылар болса, жедел-жәрдем көлігімен модульдік ауруханаға жеткізіледі, - деді №1 облыстық аурухана директоры Ербол Иманғалиев.
Күрделі жөндеу жұмыстары барысында аурухананың есік-терезелері, жылу, су құбырлары толықтай ауыстырылып, ішкі-сыртқы қабырғаларын әрлеу жұмыстары жүргізіледі.
Сәуле МАҒАУ