Ақ халатты абзал жандарды құттықтады

Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекемен құттықтады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

"Құрметті ақ халатты абзал жандар! Қадірлі сала ардагерлері! Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Медицина саласы қашан да үлкен жауапкершілікке ие. Сондықтан сіздер барша құрмет пен алғысқа лайықсыздар. Аға буын өкілдері денсаулық сақтау саласын қалыптастыруына ықпал етіп қана қоймай, білікті мамандарды тәрбиелеп, ұлт саулығын арттыруда қажырлы еңбек етті. Осы орайда, білім мен тәжірибе, ерік-жігерін халықтың саулығын қорғауға арнаған медицина саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне ерекше құрметімді білдіре отырып, қала тұрғындары мен өз атымнан алғыс айтамын!

Бүгінде халықтың саулығын арттыру мақсатында медицина саласы дамып, өзге елдермен тәжірибе алмасуда. Қаламызда медициналық қызметтің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етуге бар жағдай жасалуда. Қазіргі таңда Береке ықшам ауданында 50 келушіге арналған отбасылық дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Өркен, Нұрсая ықшам аудандарынан 250 келішуге арналған емхана салу жоспарлануда. Сондай- ақ, Тайманов даңғылынан подстанциясы бар жедел жәрдем станциясы және Жұлдыз, Талғайран, Амангелді, Алмалы елді мекендерінде медициналық нысанның құрылысын бастау жоспарланды. Ардақты дәрігерлер, қымбатты саламамандары! Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін" делінген құттықтауда.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ