Жылыой ауданында 50-ге жуық Neet санатындағы жастар заманауи мамандықтарға тегін оқытылуда. «Жаңаша» қоғамдық қорының жұмыссыз жастарды тегін оқытатын «Шектелме» жобасы биыл да жалғасын табуда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған жоба аясында қазіргі таңда «Маркетолог-брендменеджер», «Мобилограф» және «Графика дизайнері» мамандықтары бойынша 50-ге жуық Neet санатындағы жастар тегін білім алуда. Жоба «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Бұл жобаның алғашқы легі. Кейінгі лектерде жастар «Сайт жасаушы», «Копирайтер, спичрайтер» және «Таргетолог, SMM» мамандықтарын меңгеруге мүмкіндік алады.
Айта кету керек, былтыр «Шектелме» жобасы Жылыой ауданына қарасты қала, кент және ауылдық округтерді толықтай қамтып, 400-ден астам адамды оқытқан болатын. Биыл жоба географисын кеңейтіп, Атырау қаласы және Мақат ауданының тұрғындарын да оқытпақ.
«Шектелме» жобасының келесі легіне қабылдау хабарламасын аудан әкімдігінің парақшасынан немесе «Шектелме» жобасының әлеуметтік желісінен бақылап отырсаңыз болады.