01 Қыркүйек, 2023 187

Биылғы Жолдау бұрынғыдан да маңызды міндеттерді жүктеді


Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті халыққа Жолдауын жариялады. Парламент палаталарының бірлескен отырысында өткен еліміздің ең маңызды оқиғасы бұрынғыдан да маңызды әрі күрделі мақсаттар мен міндеттеге толы болды.

Президент Жолдауын мұғалімдердің жалақысы екі жарым жылда екі есеге өскені, дәрігерлердікі орташа жалақыдан асып түскені, зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілгені, миллионға жуық азаматтың баспаналы болғаны, заңсыз берілген 8 гектар жердің мемлекетке қайтарылғаны, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайтыны және «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 400-ге жуық мектеп, 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынатыны секілді жарқын жаңалықтардан бастады.

– Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы, - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. – Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет. Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек. Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезілуде. Әсіресе, техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді. Сондықтан осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн. Оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуы қажет. Экономиканың басымдықтарына, аймақтың және саланың ерекшеліктеріне байланысты тиімді қаржыландыру тәсілдері керек.

Иә, қалай болғанда да, білім беру саласына қатысты айтар болсақ, алда атқарылар іс әлі де көп екені айпаса да түсінікті. Ендеше, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» отырып Жолдау жүктеген міндеттерді абыроймен атқарып шығайық деген тілек білдіремін!

Мәншүк МҰҚАШЕВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті журналистика кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, "Ақпарат саласының үздігі", ҚР журналистер Одағының лауреаты және мүшесі, "ЖОО үздік оқытушысы-2018" "Үздік ғылыми қызметкер - 2023"