Күні кешегі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жыл қорытындысына және ел дамуының стратегиялық басымдықтарына арналған сұхбаты экономикалық саясаттың сапалық тұрғыдан жаңа логикасына көшуді көрсетеді. Бұл – жекелеген реформалардан негізгі салаларды жүйелі түрде трансформациялауға бағытталған өзгеріс.
Менеджмент магистрі, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің менеджмент кафедрасының сеньор-лекторы Айнұр Тәжиденованың пікірінше, онда энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларын жаңғырту мәселесіне ерекше назар аударылған. Қазіргі таңда Қазақстанда өндірілетін барлық энергияның шамамен үштен бірі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың жұмысына жұмсалады, алайда оның едәуір бөлігі желілердің тозуы, технологиялық артта қалу және тиімсіз басқару салдарынан ысырап болады. Экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл ресурстардың тиімсіз бөлінуіне, шығындардың өсуіне және халық үшін тарифтік жүктеменің артуына әкеледі.
Ғылыми көзқарас тұрғысынан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту макроэкономикалық саясаттың басым бағыты ретінде қарастырылуы тиіс, өйткені энергия шығындарын азайту айқын мультипликативтік әсерге ие: ол саланың инвестициялық тартымдылығын арттырады, бюджетке түсетін салмақты азайтады және орнықты экономикалық өсудің алғышарттарын қалыптастырады.
Сондай-ақ, Президенттің сөзінде цифрландыру мен жасанды интеллекттің рөліне ерекше мән берілген. Оларды инфрақұрылымды басқару жүйесіне енгізу жағдайды объективті бақылауға, тозу деңгейін болжауға, ресурстарды оңтайлы бөлуге және үлкен деректер негізінде басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтар энергия тиімділігі, цифрлық технологиялар және ғылыми негізделген басқару өзара байланысқан, экономиканы жаңғырту мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған біртұтас стратегияның элементтері ретінде қарастырылатын кешенді даму моделін қалыптастырады.
