Нашақорлық пен құмар ойындарға тәуелділік туралы оқытатын жаңа пән пайда болады

Қазақстанда медициналық жоғары оқу орындарында тәуелділікті зерттеуге бағытталған жаңа пәндерді енгізу жоспарланып отыр, - деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмек ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнәра Сәрсенбаева мәлімдеді. Ол Нашақорлыққа қарсы күрестің 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалу нәтижелері мен 2026–2028 жылдарға арналған министрлік жұмысының негізгі бағыттарын таныстырды.

Министрлік өкілінің айтуынша, алдыңғы жоспар аясында бірқатар маңызды көрсеткіштерге қол жеткізілген. Соның ішінде есірткі тұтынудың жасырын деңгейі төмендеген. Синтетикалық есірткіні қолданумен байланысты диагноздар бойынша алғаш рет есепке алынған адамдар саны 20%-ға өскен. Бұл наркологиялық көмектің қолжетімділігі мен анықтау жұмыстарының күшейгенін көрсетеді.

Кәмелетке толмағандар арасында да оң нәтиже бар. Ұзақ мерзімді ремиссияға қол жеткізіп, бақылаудан алынған балалар мен жасөспірімдердің үлесі 25%-ды құраған. Бұл көрсеткіш жоспарланған деңгейден жоғары. Сонымен қатар өз еркімен емделген пациенттердің 30%-ы медициналық-әлеуметтік оңалту бағдарламаларымен қамтылған.

Жаңа жоспарға сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі 33 іс-шараны жүзеге асыруға қатысады. Оның ішінде профилактика, скрининг, емдеу және оңалту жүйесін жетілдіру, халықаралық тәжірибені енгізу көзделген.