Мен мемлекетіміздің басты құжаты – Конституция жобасын талқылау мүмкіндігін ерекше ризашылықпен қабылдадым.
Егер бұрынғы преамбула тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі мемлекет пен қоғамның қалыптасу үдерісін бейнелесе, жаңа Конституция жобасы 11 бөлім мен 95 баптан тұрып, болашаққа нық қадам басқан қазақстандық қоғамның жалпыұлттық құндылықтарын айқындайды.
Жаңа Конституция жобасында белгіленген мемлекеттік құрылыс қағидаттары бүгінгі күннің талаптарына толық сай келеді. Олар – ортақ мақсаттарымызды, ұмтылыстарымызды және болашаққа деген бағдарымызды айқындайтын маңызды ұстанымдар.
Жоғары оқу орнының оқытушысы әрі ел азаматы ретінде мені азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қалай қорғалатыны, адам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастың қалай құрылатыны, адам құқықтары мен әлеуметтік әділеттілік кепілдіктерінің қалай күшейетіні, сондай-ақ адами капиталды, білім беру, ғылым мен инновацияны дамыту бағытында қандай нақты қадамдар жасалатыны ерекше толғандырады. Мұның барлығы – мемлекеттің стратегиялық даму бағытымен тығыз байланысты.
Осы тұрғыда «еңбек еркіндігі» ұғымының орнына «еңбек ету құқығын» нақтылау ерекше маңызға ие. Бұл өзгеріс Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактпен үндесіп, әрбір адамның еңбек ету құқығын мойындайды. «Еңбек ету құқығына» басымдық берілуі әлеуметтік-құқықтық кепілдіктердің мәнін арттырып, мемлекеттің осы құқықты жүзеге асыру үшін тиісті жағдай жасау жөніндегі міндеттерін нақтылай түседі. Ал бұл өз кезегінде жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейтуге, еңбекке орналастыру саясатын күшейтуге жол ашады. Мұндай қадам қазақстандық жоғары оқу орындарының түлектері үшін де маңызды ынталандыру болмақ.
Бүгінде жаңа Конституция жобасын бүкілхалықтық талқылау – жай ғана формалдылық емес, әрбір азаматтың Қазақстанның болашағына нақты үлес қосуына берілген шынайы мүмкіндік. Өз пікірім елімнің ертеңіне ықпал етеді деп сенемін.
Гүлнар Байжигитова,
филология ғылымдарының кандидаты, профессор,
С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті
