Қазақстанда ChatGPT Edu білім беру жүйесіне енгізіледі

Қазақстанда жасанды интеллектті білім беру саласына жүйелі түрде енгізу басталды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова мәлімдеді. Оның айтуынша, ChatGPT Edu құралы елдегі мектептер мен жоғары оқу орындарында қауіпсіз әрі басқарылатын форматта қолданысқа енгізіледі.

Вице-министрдің сөзінше, аталған құрал академиялық адалдық қағидаттарын қатаң сақтай отырып, педагогтердің жұмыс жүктемесін азайтуға және білім беру сапасын арттыруға бағытталған. Жоба OpenAI компаниясымен жасалған өзара түсіністік туралы меморандум аясында жүзеге асады.

Атап айтқанда, мектептер мен жоғары оқу орындарындағы 165 мың педагогке ChatGPT Edu платформасын пайдалану үшін тегін лицензия беріледі. Бұл оқытушыларға есептер дайындау, тапсырмаларды тексеру сияқты күнделікті жұмыстарды автоматтандыруға, студенттер үшін оқу жоспарлары мен материалдарын жекелеуге, деректерді талдау және құжаттарды түйіндеу мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға жол ашады. Сонымен қатар, оқытушылар өз курстары үшін жеке AI-ассистенттер мен чат-боттар құра алады.

Гүлзат Көбенованың айтуынша, бұл бастама педагогтер үшін «цифрлық акселератор» рөлін атқарады. Яғни, қысқа мерзім ішінде оқыту әдістемелерін жаңартып, ұстаздарды жаңа AI-парадигма жағдайында жұмыс істеуге бейімдеуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 95 жоғары оқу орнында жасанды интеллектке қатысты пәндер енгізілгені, ал 30 ЖОО-да ЖИ бағытындағы 42 білім беру бағдарламасы іске қосылғаны хабарланған болатын. Қазіргі таңда бұл бағдарламаларда бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде 3 мыңға жуық студент білім алуда. Сонымен қатар, профессор-оқытушылар құрамының 54 пайыздан астамы жасанды интеллект бойынша арнайы оқытудан өткен.