«Ілияс оқулары» байқауы қорытындыланды

Жалпы білім беретін мектеп оқушыларының арасында республикалық «Ілияс оқулары» ғылыми-шығармашылық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Байқауға 7-11 сынып аралығындағы 25 оқушы қатысып, «Ілияс - эпик ақын», «Сұлу сөздің сүлейі», «Ағынды менің - Ақсуым» атты үш бағыт бойынша бақ сынады.

- Облыстық кезеңнің үш бағытынан 1-орын алған үш оқушы республикалық кезеңге қатысады. Жалпы өтіп жатқан ақын-жазушылар байқауларының мақсаты - атақты тұлғаларымыздың игі істерін ары қарай жалғастыру және олардың ізденістерін дамыту. Республикалық кезеңе жолдама алған оқушылар Таланттарды анықтау және қолдау орталығымен бірге дайындық жұмыстарын жүргізетін болады. Бұдан бөлек алдағы уақытта «Фариза оқуларының» облыстық кезеңін өткізу жоспарымызда бар,- деді облыстық Білім беру басқармасының «Таланттарды анықтау және қолдау орталығы» директорының орынбасары Жанар Сәрсенғалиева.

Сайыс нәтижесімен бірінші бағыт бойынша Қызылқоға ауданы Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Айханым Қанатбайқызы, екінші бағыт бойынша Құрманғазы ауданы, Б.Бегалиев орта мектебінің 9-сынып оқушысы Аяулым Қисар, ал үшінші бағыт бойынша Индер ауданы, Өрлік ауылы, Қ.Абаханов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Нұрхан Кенжебек 1-орынды иеленді. Сонымен қатар жүлделі оқушылар «Таланттарды анықтау және қолдау орталығының» арнайы алғыс хаттарымен марапатталды.