Қазақстанда жасанды интеллект білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналып келеді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова мәлімдеді. Оның айтуынша, жасанды интеллект бағытындағы пәндер Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары мен жаңа білім беру бағдарламалары аясында кезең-кезеңімен енгізілуде.
Бүгінде еліміздегі 95 жоғары оқу орнында жасанды интеллектке қатысты пәндер оқытылады. Сонымен қатар, ЖИ, инжиниринг және цифрлық технологиялар бағыттары бойынша жаңа білім беру бағдарламалары іске қосылған. Бұл өзгерістер цифрлық экономика талаптарына сай мамандар даярлауға мүмкіндік беріп отыр.
Вице-министрдің мәліметінше, қазіргі таңда 30 жоғары оқу орнында жасанды интеллектке арналған 42 білім беру бағдарламасы енгізілген. Олардың қатарында «Қолданбалы жасанды интеллект», «Жасанды интеллект және блокчейн инженериясы», «Медицинадағы жасанды интеллект» секілді заманауи бағыттар бар. Бұл бағдарламалар бойынша бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде шамамен 3 мың студент білім алуда.
Сонымен қатар, кадрлық әлеуетті күшейтуге де басымдық беріліп отыр. Қазіргі уақытта профессор-оқытушылар құрамының 54 пайыздан астамы жасанды интеллект бойынша арнайы оқытудан өткен. Бұл өз кезегінде білім беру сапасын арттырып, студенттерге заманауи технологияларды терең меңгеруге жол ашады.
Айта кетейік, жасанды интеллектіні базалық сауаттылық деңгейінде енгізу Қазақстанның цифрлық трансформациясы мен ғылыми-технологиялық дамуының маңызды бағыттарының бірі саналады. Алдағы уақытта бұл саладағы білім беру бағдарламаларының саны мен қамту ауқымы одан әрі кеңейе түспек.