Доссорда Тәуелсіздік құрдасы шәкірттерді білім нәрімен сусындатуда (+ФОТО)

Биыл еліміз ес жиып, етек жинап, егемен ел атанғалы 34 жыл толып отыр. Ендеше, Тәуелсіздік құрдастары да осы жылы 34 жасқа келіп, ересек өмірдің бел ортасына жетіп қалған екен. Солардың бірі – Мақат ауданы Доссор кентіндегі Бержан Қанатбаев атындағы мектепте шәкірттерін білім нәрімен сусындатып жүрген Амангүл Тоқсанова. Ол биыл жылдың үздік мұғалімі атанып, тарихы терең білім ұясының абыройын асқақтатыпты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі. 

– Амангүл Маратқызы, Тәуелсіздік күні құтты болсын! Еліміздің азаттығымен құрдас жан ретінде бұл мерекенің Сіз үшін мән-маңызы қандай? Осы күнді қалай сезінесіз?

– Рахмет! Бұл күн мен үшін ерекше қастерлі. Себебі менің өмірімнің басталуы мен еліміздің жаңа тарихының басталуы бір күнге тоғысқан. Сондықтан Тәуелсіздік ұғымы менің санамда жай ғана күнтізбедегі дата емес, өзімнің азаматтық қалыптасуыммен, өмірлік ұстанымыммен, қоғам алдындағы жауапкершілігіммен өте тығыз байланысты. Тәуелсіздік – бізге берілген мүмкіндіктердің ең ұлығы. Бұл – ата-бабалар ғасырлар бойы армандаған еркіндікке қол жеткізген сәт, ал біз – сол еркіндіктің жалғасын нығайтуы тиіс буынбыз. 

Мен өзім дүниеге келген 1991 жылды елдің ең үлкен арман-мұраты орындалған кезең ретінде қабылдаймын. Тәуелсіздікке дейінгі буынның арманы – егемендікке жету болса, біздің буынның міндеті – сол егемендікті мазмұнды ету, оны нақты істермен толықтыру, елдің дамуына үлес қосу. Сондықтан бұл күн мені әрі мақтанышқа, әрі тәртіп пен жауапкершілікке шақырады. “Мен Тәуелсіздікке лайық тұлға болып қалыптасып жүрмін бе? Елім үшін не істедім, тағы не істей аламын?” деген сұрақтар үнемі ойымда жүреді. Бұл ойлар – менің өзімді үздіксіз дамытуыма, білімімді арттыруыма, істеген әр ісіме жан-тәніммен жауапкершілікпен қарауыма себеп. Тәуелсіздік мені жігерлендіріп қана қоймай, өзіме, ұрпағыма, елімнің ертеңіне жауапты екенімді сезіндіреді.

– Өмір жолыңыз туған топырақтан бастау алды. Балалық шағыңыз, алғашқы білім алған ортаңыз жайлы айтып берсеңіз. Сол кезең тұлға ретінде қалыптасуыңызға қалай әсер етті?

– Мен Атырау облысы, Мақат ауданы, Доссор кентінде дүниеге келдім. Бұл өңір – тарихы терең, мұнайлы өлкенің жүрегі, еңбекқор адамдардың мекені. Доссор – маған еңбек адамын құрметтеуді, аға буынға тағзым етуді, қарапайымдылық пен адалдықты өмірдің басты құндылықтары ретінде қабылдауды үйреткен орта. 2008 жылы Сабыр Шарипов атындағы мектеп-интернатты тәмамдадым. Бұл білім ошағы – менің тұлға болып қалыптасуымның негізгі мектебі. Сөздің киесі, ұлттық болмыс, әдеби тұлғалардың даналығы – бәрі маған рухани азық болды. Кітап – менің ең бірінші ұстазым, ал әдебиетке деген махаббат кейін мамандығымды таңдауыма тікелей себеп болды.

– Жоғары білім жолыңызды Тәуелсіздік кезеңі ұсынған жаңа мүмкіндіктермен байланыстырасыз. Университет жылдары Сізге нені үйретті?

– Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне түсу – менің өмірімдегі жаңа белес болды. Университет маған тек теориялық білім ғана емес, өмірлік бағыт-бағдар берді. Қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде алған білімім – мені ұлттық болмысқа, ұлттық құндылықтарға жақындатты. Әдебиеттің адам тәрбиесіндегі рөлі, тілдің ұлттық кодты сақтаудағы мәні туралы сабақтар маған терең ой салды. Бұл білім – менің ұстаздық болмысымның негізі. Университеттегі қоғамдық жұмыстарға қатысуым, студенттік ұйымдардағы белсенділігім – менің көшбасшылық қабілетімді, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетімді дамытты. Ең бастысы – өз ойымды ашық айтуға, еркін пікір білдіруге, қоғамдағы мәселелерге бейжай қарамауға тәрбиеледі.

– Еңбек жолыңыз “Дипломмен ауылға” бағдарламасы арқылы басталды. Алғашқы еңбек кезеңіңіздің әсері қандай болды?

– Бұл бағдарлама – маған үлкен мүмкіндік сыйлаған жоба. 2012 жылы жас маман ретінде Ораз Сарғұнанов атындағы мектепке барғанымда, бойымда толқу да, үміт те болды. Ауыл мектебінде жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік. Себебі ауыл баласының әрбір жетістігі – ұстаздың еңбегінің көрінісі. Алғашқы жылдары тәжірибем аз болса да, үйренуге деген ынтам жоғары болды. Оқушылармен жұмыс істеу, сынып жетекшісі болу, ата-аналармен байланыс орнату – бәрі мені шыңдады. Бұл жылдар менің ұстаздық жолымның берік іргетасын қалады. Жас маман болсам да, түрлі байқауларға қатысуға тырыстым. Әрбір марапат – тек нәтижем емес, өзімді-өзім жеңу жолындағы мотивациям болды.

– 2016 жылдан бастап басшылық қызметте еңбек еттіңіз. Тәрбие бағыты қандай ерекшеліктерімен есте қалды? 

– Тәрбие ісі жөніндегі орынбасар қызметі – мектептің жүрегі іспетті. Бұл лауазым тек ұйымдастыру жұмыстарымен шектелмейді, ол – мектептің рухани келбетін қалыптастыратын бағыт. Бұл қызметте сен оқушының ғана емес, ұстаздың да, ата-ананың да тәрбие жөніндегі серігісің. 2016 жылы осы қызметке тағайындалған кезде ең алдымен өзіме жауапкершілік жүгін сезіндім. Мемлекеттің тәрбие саясаты белгілі бір құндылықтарға негізделеді, ал оны мектеп деңгейінде жүзеге асыру – үлкен еңбек. Мен осы жылдары көптеген жобаларды іске асырдым: балалардың шығармашылық әлеуетін арттыруға, патриоттық сезімін қалыптастыруға, мәдениетін көтеруге бағытталған іс-шаралар ұйымдастырдым. Әрбір оқушының жетістігі – мен үшін ең үлкен қуаныш.

– 2020 жылы жаңа ортаға ауыстыңыз. Бұл кезең қандай өзгеріс әкелді?

– 2020 жылы Бержан Қанатбаев атындағы мектепке ауысу – мені жаңа мүмкіндіктермен кездестірді. Бұл мектепте өз қабілетімді жаңа қырынан көрсетуге, жинаған тәжірибемді толық пайдалануға жол ашылды. 2023 жылы директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалуым – үлкен сенім. Мен бұл сенімді ақтау үшін өз білімімді жетілдіріп, тәрбие жұмысын жаңа серпінмен жүргізуге тырыстым. Оқушыларымның аудандық, облыстық, республикалық деңгейде жүлделі орындар алуы – еңбектің жемісі. 2024 жылы педагог-зерттеуші санатын алуым – кәсіби деңгейімнің дәлелі.

– Әлеуметтік белсенділік, қайырымдылық жұмыстарыңыз туралы да жиі айтылады. Бұл бағытқа қалай келдіңіз?

– Қайырымдылық – мен үшін жүректің шақыруы. 2020 жылдан бастап түрлі әлеуметтік істерге атсалысып келемін. Ауыл балаларына қуаныш сыйлау, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мерекелер ұйымдастыру, апат аймақтарына көмек көрсету – бұлардың бәрі адамгершіліктің ең қарапайым, бірақ ең маңызды көрінісі. Менің ойымша, қоғамды жақсартатын – адамның ниеті мен әрекеті. Кішкентай ғана жақсылықтың өзі басқа бір адамның өміріне үлкен өзгеріс әкелуі мүмкін. Ерікті болу – жауапкершілік. Сен біреудің сеніміне, үмітіне қол созасың.

– Үш баланың анасы бола тұра жұмысыңызбен қатар алып жүрудің сыры неде?

– Бұл – оңай емес, бірақ жүрекпен істеген іс ешқашан ауыр болмайды. Адам бәріне үлгеру үшін ең алдымен ішкі тәртіп керек деп ойлаймын. Жоспарлау, уақытты дұрыс бөлу, отбасындағы түсіністік – басты қағидаларым. Балаларым – менің тірегім, шабыт көзім. Олардың болашағы мені күн сайын жақсы болуға, үздіксіз ізденуге жетелейді. Ана болу мен ұстаз болу – бір-бірін толықтыратын қасиеттер. Отбасы – менің қуатым, жұмыс – менің миссиям.

– Тәуелсіздік құрдасы ретінде өмірлік миссияңызды қалай сипаттар едіңіз?

– Менің миссиям өте қарапайым, бірақ терең мағыналы: «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не бере аламын?». Тәуелсіздік – бізге аманат ретінде берілген құндылық. Оны сақтау – күнделікті еңбектен, адалдықтан, білімнен, адамға жасаған жақсылықтан, ұрпақ тәрбиесінен көрінетін әрекет. Мен елімнің бір бөлшегі ретінде өз үлесімді қосуға тырысамын.

– Сөз соңында елге арнар тілегіңіз болса... 

– Құрметті отандастар! Баршаңызды Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің еңсесі биік, бірлігіміз бекем болсын. Тәуелсіздік жолында әрбір азаматтың еңбегі, білімі, адамгершілігі қажет. Көк туымыз мәңгі желбіреп, Қазақстанымыз ынтымақ пен берекенің мекені болып қала берсін! Әр шаңыраққа амандық, ырыс-құт, бақ-береке тілеймін. Еліміздің ертеңі жарқын болсын!

Сұхбаттасқан Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ