Атырауда еліміздің батысындағы өңірлерден келген қыз-келіншектер жаңа мамандықтарды меңгеруде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың кешенді бағдарламасына Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облысында тұратын 125 нәзік жанды қатысуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Жоба барысында әйелдер иммерсивті, тәлімгерлік және психологиялық бағытта білім алады. Қатысушылардың шығындарын ұйымдастырушылар төлейді. Олардың арасында жатын орны, тамақтану мен оқу орталығы орналасқан жерден қала аумағында жол жүру шығыны бар.
- Курсқа мәртебесіне, жасына және кәсібіне қарамастан әртүрлі топтағы әйелдер қатысып жатыр. Қатысушылардың арасында көп балалы аналар, жұмыссыз әйелдер мен жұмысынан айырылған, өз бизнесін бастағысы келетіндер бар, - деді "APEC training center" тренинг орталығының жоба-менеджері Жанар Ибрашева.
Оқыту бағдарламасы жеті бағытты қамтиды: бизнесті құру және оны жүргізу негіздері, жеке қаржыны , халықаралық стандарттар бойынша жобаларды басқару, бухгалтерлік есеп , SMM және кәсіби мобилография , қлттық киім тігу, өз брендіңізді құру және интерьерді визуализациялау курсы.
Бүгінде халықаралық стандарттар бойынша қаржылық сауаттылық және жобаларды басқару курстарын аяқтаған 40 қатысушысы оқу бітіргені туралы сертификат алды. Енді олар өздерінің білімі мен дағдыларын өз бизнесінде қолдана алады.
Сәуле МАҒАУ