Елімізде алғаш рет ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиада басталды

Олимпиадаға 9-11 сынып оқушылары қатысады. Атырау облысы бойынша қала маңындағы ауыл мектептері мен 7 ауданнан  110 мектеп,  3087 оқушы қатысады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды AtyrauPress. 

 Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбеков білім додасына қатысушы оқушыларға сәттілік тіледі.

Олимпиада жалпы білім беретін пәндер бойынша жаратылыстану-математикалық бағытта: математика, физика, химия, биология, информатика, география пәндерінен; 

Қоғамдық-гуманитарлық бағытта қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі, орыс тілі мен әдебиеті, орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі, Қазақстан тарихы, құқық негіздері, ағылшын тілі пәндерінен өткізіледі. 

"Бұл бастаманың мақсаты – ауылдық білім беру ұйымдарындағы  оқушылардың дарындылығы мен қабілеттерін анықтау, қолдау үшін оңтайлы жағдайлар жасау, неғұрлым академиялық қабілетті оқушыларды іріктеу", - дейді облыстық білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбеков. 

Атап өтейік, олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі 20 қараша күні еліміздің барлық ауыл мектептерінде бір мезгілде өткізіледі.