"AtyrauPress" тілшісі – NIS төрінде!

Атыраудағы NIS ұжымы 28 маусым – БАҚ қызметкерлері күніне орай облыстың бір топ журналистерін төл мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл жолғы дөңгелек үстелге Атырау облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Тунгатарова, өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық-шығармашылық бөлім маманы Дидар Орынғали, Caspian News телеарнасының журналист-редакторы Жамал Қадырқызы, "Атырау-Ақпарат" ЖШС "AtyrauPress" сайтының тілшісі Амандық Сағынтайұлы, республикалық "Turan Times" сайтының тілшісі, әрі, “AtyrauQalam” инстаграм парақшасының авторы Әділет Қанатұлы, “Қазақстан” РТРК АҚ Атырау облыстық филиалы “Атырау” теларасының тақырыптық хабарлар бөлімінің редактор-тележүргізушілері Гүлраушан Серікқали мен Азиза Насимуллиналар қатысты.

Алдымен үш тілшіге Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозиннің алғыс хаты табысталды. Атыраудағы NIS директоры Ерали Бижанов та тілшілік тіршілікті абыройлы тізгіндеп жүрген білікті мамандарға өз атынан арнайы алғыс хаттар табыс етті.

Дөңгелек үстел барысында журналистер мектеп әлеуметтік желісін дамытуға бағытталған түрлі кейстар ұсынып, өз көзқарастарын білдірді. Әсіресе, тек жетістікке жетіп жүрген оқушылар ғана емес, оларды сол биікке жетелеген ұстаздарды да БАҚ беттері арқылы ұлықтаудың маңызы зор екендігін алға тартқан тілшілер нағыз заманауи ұстаздардың әлеуметтік желідегі өз жеке парақшалары да тартымды контентке бай болса деген ұсыныстарын білдірді.

Расымен де, оқушыға білім, тәрбие беруден бөлек, олармен бір толқында болу да аса маңызды.

Салмақты ой орамдарымен бөліскен соң журналистерге мектеп оқушылары өз қолымен даярлаған қолөнер бұйымы естелікке берілді.

Мектеп ұжымы әр баланың жұлдызын жағып, білім көкжиегін көпшілікке танытуға сеп боп жүрген ардақты журналистерді төл мерекелерімен шын жүректен құттықтай отырып, қызметтеріне толағай табыс, үлкен шығармашылық белес тілейді.

Орынгүл Махмуд,

Атыраудағы NIS  баспасөз өкілі