Атырау қаласында “Ауыл” партиясының ұйымдастыруымен “Инновациялар. Тұрақтылық. Болашақ” атты облыстық хакатон өтті,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Шараның басты мақсаты – тұрақты даму, ақпараттық технологиялар және білім беру салаларында инновациялық жобалар мен прототиптер әзірлеу, талантты жастарды қолдау және экономикалық трансформацияны ілгерілету. Сонымен қатар білім беру процесіне жасыл технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.
Бастама жасанды интеллект технологияларының пайдаланылуымен жүзеге асуда. Барлығы 11 команда 10 минут ішінде өздерінің авторлық жобаларын таныстырды. Қатысушылардың бірі – жас программист Мүслим Қуаныш өз идеясын осы хакатон аясында алғаш рет ұсынды.
– Бұл жобаны бұрыннан ойлап жүрген едім. Алайда сайыс қарсаңында бір күн бұрын ғана толық жасап шықтым. Мұндағы мақсатым – жасанды интеллект бойынша білімімді жетілдіру және өз идеямды көпшілікке көрсету, – дейді ол.
Жеңімпаз атанған команда Астана қаласында өтетін финалдық кезеңге тегін жолдама ұтып алды.