Атыраулық студенттер әзірлеген Edu Data Insight интеллектуалды платформасы университет студенттерінің академиялық үлгерімін бір семестр ішінде орта есеппен 12%-ға арттырды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
⠀Жобаны дайындаған С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің студенттерінің айтуынша, жоғары оқу орындарында бағалар, сабаққа қатысу, тест нәтижелері мен LMS жүйелеріндегі деректер көлемі жыл сайын көбейіп келеді. Алайда бұл ақпараттардың басым бөлігі тек статистика ретінде қалып, білім беру процесінде стратегиялық шешім қабылдауға толық пайдаланылмайды.
Ал Edu Data Insight платформасы студенттердің үлгерімін тек тіркеп қана қоймай, болашақ нәтижелерін болжауға мүмкіндік береді. Жүйе GPA динамикасын талдап, семестр ортасында-ақ қорытынды нәтижені 89% дәлдікпен анықтай алады.
AI HUB жетекшісі Ақмарал Әбдіғалиеваның айтуынша, платформа студентке өз үлгерімінің толық көрінісін көруге және қай бағытта даму қажет екенін анықтауға көмектеседі.
— Платформа арқылы студент пәндердің күрделілік деңгейін салыстырып, академиялық жүктеменің шамадан тыс екенін анықтай алады. Сонымен қатар жүйе студенттің жеке цифрлық менторының рөлін атқарады, — деді ол.
Маманның сөзінше, Edu Data Insight жобасы университеттердің «Ақылды университет» моделіне көшуіндегі маңызды қадамдардың бірі.