Атырау қалалық әкімдігінде білім беру саласының ардагері, Атырау қаласының Құрметті азаматы София Алибаеваның 70 жасқа толуына орай мерейтой иесімен кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды Атырау қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Қала әкімі Шәкір Кейкин білім беру саласында ұзақ жылдар бойы сан мыңдаған шәкірт тәрбиелеуде аянбай тер төккен, ұстаздықтың қиын да қызықты күндерін кешкен ардагерді мерейлі 70 жасымен құттықтап, алғысын жеткізді.
- «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімідікі», - демекші, бүгін төрімізге білім беру саласына елеулі үлес қосқан ардагер ұстаздарымызды жинап, София Гинаятқызын мерейлі тойымен құттықтауды жөн көрдік. Шәкірт тәрбиелеуде сүбелі үлес қосқан ұстазымыздың еңбегі бүгінде елге ерең. Осы орайда сізге алғысымызды білдіре отырып, мерейлі мереке күні бедел мен құрметке ие болған мәртебеңіз арта берсін деген тілек білдіремін, - деді қала әкімі.
Кездесуге қатысқан қалалық білім беру бөлімінің басшысы, қалалық мәслихатының төрағасы, ардагер ұстаздар мен мұғалімдер де жүрекжарды тілектерін білдіріп, қазіргі күні білім беру саласында атқарылып жатырған істерді талқылап, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Анықтама үшін: Алибаева София Гинаятқызы – 1976 жылы Ресейдегі Тамбов мемлекеттік педагогиякалық институтының орыс тілі пәні мұғалімін аяқтаған. Атырау қаласында 30 жылға жуық білім беру саласында қызмет етіп, еңбек жылдарында «ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» , «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, «Құрмет» орденімен, «Еңбек ардагері», «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» төсбелгісімен, «Халық мұғалімі» медалімен марапатталған ардагер ұстаз.