Атыраулық оқытушы өз курсын енгізді

Халықаралық Сoursera онлайн платформасына атыраулық оқытушы курсын енгізді. Coursera – дәстүрлі сабақ өту негізінде құрылған әлемдік танымал онлайн платформа. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен биыл Қазақстандық оқытушы-профессор құрамы платформаға дәрістерін енгізуге мүмкіндік алды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Солардың алғашқысы болып Coursera платформасына Х.Досұмхамедов атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы, менеджмент магистрі Айнұр Тажиденова «Бизнес жоспарлау негіздері» атты онлайн курсын енгізуді бастады. «Бұл курсты студенттер аудиторияға кірмей, қалаған уақытында ашып оқып, дәрістерді тыңдап, тапсырмаларын орындап сертификаттарын алып келсе тиісті бағасын алады. Бұл студентке де, оқытушыға да тиімді. Ал, мен онлай курс есебінен босаған уақытымды ғылыми зерттеулерге, мақалалар жазуға арнаймын», - дейді аға оқытушы Айнұр Тажиденова. Бұл курс әуелі қазақстандық тыңдаушыларға ұсынылып, алдағы уақытта халықаралық деңгейде өзге мемлекеттердің тыңдаушыларына да қол жетімді болады деп күтілуде. 

2024 жылдан бастап Coursera платформасында жасанды интеллект негізіндегі Course Builder - ЖАОК конструкторы қосылды. Course Builder арқылы  қысқа уақыт аралығында жаңа курстарды құрасытырып, платформадан сәйкес мазмұнды жылдам табуға болады. Бұл өз кезегінде оқытушылар үшін үлкен мүмкіндік болмақ.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі әлемдік деңгейдегі озық оқу орындарының білім беру платформасын қазақстандық студенттердің онлайн тегін пайдалануға мүмкіндік жасады. Жоба әуелде «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен іске асқан. «Министрлік Coursera-дағы әлемнің алдыңғы ондығына кіретін университет профессорларының 100 ден астам курстарын қазақ тіліне аударып қазақстандық студенттердің оқуына орай тудырды. Осыған дейін Қазақстан бойынша 25 өңірлік университеттердің 47.000 студенті 70.000 курсты игеріп шықты», - дейді Х. Досмухамедов атындағы Атырау университетінің проректоры Асхат Чукуров. Биылдан бастап аталған жобаға еліміздің 93 жоғары оқу орындары қосылды.

Coursera жобасын жыл сайын 190 мемлекетте 100 миллионнан астам студент қолданады. Онда әлемнің үздік 225 университетінің танымал курстары тыңдаушыларға қолжетімді. Шетелдік Coursera компаниясымен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі арасындағы келісім нәтижесінде үздік дәрістер мемлекеттік тілге ұдайы аударылып келеді. 2023 жылы еліміздің 50 мыңға жуық студенті курстарды тегін оқыған.