Атыраулық оқушыны Американың алты университеті шақырды

Атырау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің биылғы түлегі Әмина Құрбанованы Американың алты түрлі жоғары оқу орны музыкалық индустрия бағытында білім алуға шақырып отыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы atr.kz мәлім етті.

– Мектептен түлеп ұшқалы тұрған шәкіртіміздің талантына бірден алты университеттен ұсыныс түсуі біз үшін үлкен жетістік. Әминаның әдемі вокалдық қабілетіне Американың Berklee College of Music, Drexel University, University of the Pacifi, Appalachian State University, Loyola University New Orleans, University of Hartford сияқты іргелі оқу орындары қызығушылық танытты, – дейді Әминаның ұлағатты ұстаздары.

Әмина бала күнінен өнерге жаны жақын болып өскен. Бастапқыда мектеп хорына және жеке сабақтарға қатысып, вокалмен ән айта бастайды. Осылайша, өнері шыңдалған оның аты әр түрлі музыкалық байқауларда оза шабады.

– Енді мамандығымды музыкамен байланыстырамын деп шешіп, «музыка индустриясы (бизнес және менеджмент)» бакалавр бағдарламасын таңдадым. Бұл өте жақсы таңдау, өйткені бағдарлама менің сүйікті музыкам мен академиялық білімімді (қаржы, бизнес және т.б.) біріктіруге мүмкіндік береді, – дейді Ә.Құрбанова.