Атыраулық оқушылардың жазғы демалысы – айрықша бақылауда

Үкімет отырысында 2024-2025 оқу жылын қорытындылау және оқушылардың сауықтыру демалысын, бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесі талқыланды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметіне сәйкес, биыл Атырау облысында 7415 оқушы 11-сыныпты аяқтайды, оның 6535-і — мемлекеттік, 882-сі —жекеменшік мектепте оқиды. «Алтын белгіге» 222 түлек, ал үздік аттестатқа 319 оқушы үміткер. Тоғызыншы сыныпты 13 605 оқушы тәмәмдайды, оның ішінде 734 шәкірт үздік аттестатқа үміткер.

Мамырдың 16-сы мен шілденің 5-і аралығында екі тестілеу орталығы — Атырау мен Құлсары қалаларында Ұлттық бірыңғай тестілеудің екі кезеңін өткізу көзделген. Оған биылғы 11-сынып оқушыларын түгел қосқанда 13300 түлек қатысады.

Жазғы маусымға дайындық аясында 134 812 оқушыны демалыспен қамту жоспарланған, бұл аймақтағы оқушылардың жалпы санының 93%-ын құрайды. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 619,5 млн теңге бөлінген. Екінші маусымнан бастап әлеуметтік осал топ санатындағы отбасылардан 1530 балаға РФ Железноводск қаласындағы “Қазақстан Геологі” шипажай-емдеу пансионатында демалыс ұйымдастырылады.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов мектеп бітіруге арналған іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, сондай-ақ балалар мен ата-аналарға суға шомылу маусымындағы сақтық ережелерін сақтау жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Аймақ басшысы жазғы лагерьлердің уақытында ашылуы, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік, жұмысқа білікті тәрбиешілерді тарту, сондай-ақ жазғы маусымда оқушылардың толыққанды демалуына жағдай жасау мәселеріне айрықша мән беруді міндеттеді.

Амандық АБДОЛ