Атыраулық оқушылар ақылды робот ойлап тапты!

JOO High school-дың 10-сынып оқушысы Нұрсұлтан Қалымжан, Д. Қонаев атындағы Binom мектебінің 9- сынып оқушысы Парасат Сакишев және Ж.Досмұхамедов атындағы мамандандырылған мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Ануар Әмірбек «JasUP» жобасында бас қосып, робот жасады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Оқушылардың туындысы KazRoboSport додасында 2023-2024 жылдары кіші сумо категориясында жеңімпаз атанған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Робот жасаушылар бұл жобаны іске асыру үшін екі ай жұмыстанған. 

" Роботтар жапондық сумо күресінің кішірейтілген түрін көретеді. Қарсыласын жан-жағындағы алты датчик арқылы сезеді. Арнайы алаңда ең қысқасы 1-2, ең ұзағы 5-10 секундта қарсыласады. Салмағы 500 граммнан аспайды. Ішіндегі қозғалтқышын, датчиктерін Түркиядан тапсырыспен алдырдық. Сыртқы материалдарын 3D принтермен өзіміз жасап, барлығын құрастырдық",- деді Н. Қалымжан.

Айта кетейік, қазір "Теңізшевройл" ЖШС-нің әлеуметтік-инвестициялық бағдарламасы аясында «JasUP» жобасы жұмыс жасауда. Мұнда жыл басынан бері 41 шеберлік сағаты, 7 ғылыми-техникалық жарыс және 6 курс өткізілген. Жоба шеңберінде ақпан- желтоқсан аралығында 3000-нан астам жас қамтылған.