Атырауда Германиядан бизнес-тағылымдамадан өтуге өтінім қабылдау басталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атыраулық кәсіпкерлер Германияда тегін бизнес-тағылымдамадан өте алады, тек ұшақ билеттері үшін ғана ақы төлейді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы биыл 2-17 желтоқсан аралығында 2025 жылға арналған «Іскерлік байланыс» және Partnering in Business with Germany бағдарламасына қатысуға өтініш қабылдап жатыр.
Бағдарлама Қазақстандағы шағын және орта бизнес жетекшілеріне Германнияның нарығымен танысуға, іскерлік байланыс орнатуға және шетелдік компаниялармен ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға мүмкіндік береді.
Бұл сапар шетелде тақырыптық іскерлік тағылымдамадан өтуді, сондай-ақ сәйкес бейіндегі кәсіпорындарға баруды және келесідегідей мәселелер бойынша шетелдік серіктестермен іскерлік байланыс орнатуды қарастырады: технологиялар трансферті және жабдықты сатып алу; тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді өзара жеткізу; франшизаны сатып алу; бірлескен кәсіпорындар құру.
2025 жылға «жасыл технологиялар»; өнеркәсіп; ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі; медицина; экономиканың басқа да салалары бойынша жұмыс істейтін компаниялардың менеджерлеріне іріктеу жүргізілуде.
Бағдарламаға орташа жылдық табысы кемінде 10 000 АЕК болатын шағын және орта бизнестің басшылары қатыса алады.
«Іскерлік байланыс» жобасы 2016 жылдан бері жүзеге асып келеді. Осы уақыт ішінде тоғыз атыраулық кәсіпкер Германияда тағылымдамадан өтті. Олардың барлығы сапар барысында алған білімі мен тәжірибесін өз бизнестерін дамытуға қолданды», - деп атап өтті Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Жанаргүл Жоламанова.
Фото: ru.freepik.com