Атырау облысы Білім беру басқармасы «Таланттарды анықтау және қолдау орталығының» ұйымдастыруымен өткен «Бастау» олимпиадасына қазақ және орыс сыныптарынан 13 командадан 39 оқушы қатысып, бақ сынады, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Олимпиаданың мақсаты – бастауыш сынып оқушыларының математикалық қабілеттері ерекше дамыған дарынды балаларды айқындау, қолдау, математикадан білімдерін тереңдету және кеңейту. «Әу, баста», «Асық» турларында балалар командалық жұмыс атқарса, ал үшінші «Бәйге» турында тапсырмаларды жеке орындады. Олимпиада тапсырмалары математикалық логикаға құрылған. Одан бөлек оқушылар мұндай сайыс арқылы дұрыс пікір айтуды, тұжырым жасауды үйренеді. Оқушылар орындаған тапсырмаларын қазылар алқасына ауызша түсіндіру арқылы бағаланды.
Бірінші, екі тур, яғни командалық сайыста 1-орынды Атырау қаласының қазақ тілді, Жылыой ауданының орыс тілді командасы, 2-орынды Исатай ауданының қазақ тілді, Атырау қаласының орыс тілді командасы, 3-орынды Мақат ауданының қазақ тілді, Құрманғазы ауданының орыс тілді командасы қанжығалады. Ал үшінші тур бойынша Атырау қаласы мен жеті ауданнан қатысқан 39 оқушының әрқайсысы жеке бағаланды.
Сондай-ақ ең жоғары ұпай жинаған оқушылардан құрылған команда республикалық кезеңге жолдама алды. Іріктелген командада 2, 3, 4-сыныптың алты оқушысы бар.