Атырауда ұлттық құндылықтарға негізделген «Заманауи көзқарас және үздік тәжірибе» атты оқу-тәжірибелік отырысы өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Тәжірибелік кеңес бір уақытта Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның, Білім беру басқармасының №1 Білім-инновация лицей-интернатының, №3 «Білім-инновация» лицей-интернатының және Н.Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының базасында өтті. Семинар барысында педагогикалық идеялар жәрмеңкесі, шеберлік сабақтар, қолөнер көрмесі, жобалық жұмыстар ұйымдастырылды.
Оқу-әдістемелік кеңестің мақсаты - халықаралық, республикалық олимпиада жүлдегерлерін дайындаған ұстаздардың шеберлік сабақтары мен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін шаралары арқылы қазіргі заманғы мәдени жетістіктерімен қатар ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпаққа сіңіру бойынша инновациялық тәжірибені тарату.
Атырау облыстық ұлттық гимназияның директоры Шынаргүл Имашова іс-шараның маңызын атап өтті.
- «Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» демекші, талай дарынды, қабілетті балаларға жол сілтеп, қанатын қақтырған ұлттық білім ордасының теріне қош келдіңіздер! Сахнаға шығып сөйлегеннен көрі бір табан өздеріңізге жақын болып, осы тұстан сөз алғанды жөн көріп тұрмын. Ұлттық білім ордасы республика көлемінде алғаш 1991 жылы еліміздің тәуелсіздігімен қатар шаңырақ көтерді. Алғашында ауыл балаларына арналып, кейін Атырау қаласының дарынды шәкірттерімен толықты. Бүгінгі таңда 300-ден аса оқушы білім алып, тәрбиеленуде. Мектептің жанында 120 оқушыға арналған интернат жұмыс істейді. Мақсат - еліміздің интеллектуалды элитасы жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды қазіргі танның мәдени жетістіктерімен байланыстыра окыту нәтижесінде инновациялык тажірибелерді тарату, - деді Ш.Имашова.
Айта кетейік, аталған оқу-тәжірибелік отырысқа облыс бойынша 151 мектеп директоры қатысты. Іс-шара Білім беру басқармасы және «Таланттарды анықтау және қолдау орталығының» ұйымдастыруымен өткізіліп отыр.